Әлеуметтік желілерде Алматы облысының Қарасай ауданы аумағында бір топ иттің әйелге шабуыл жасаған сәті бейнеленген видео тарады.
Оқиға 17 ақпанда Қарасай ауданына қарасты Ұмтыл ауылдық округінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 52 жастағы әйелді жеке тұрғын үйдің ауласында иттер үйірі талап кеткен. Зардап шеккен азаматша көптеген жарақат алып, оған медициналық көмек көрсетілді.
Алматы облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен жергілікті әкімдік өкілдері жұмыс істеп жатыр.
Кейін полиция 60 жастағы күдіктіні анықтады. Ол шабуыл жасаған иттердің иесі болып шыққан. Мәліметке сәйкес, жәбірленушінің көршісі өз үйінің аумағында 20–25 ит ұстаған. Ер адам Қарасай аудандық полиция басқармасына жеткізіліп, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Жануарларды аулау жұмыстарымен айналысатын мердігер ұйым — жеке кәсіпкер Әбдіқалов. Қазіргі уақытта көрсетілген мекенжайда бұралқы иттерді аулау шаралары жүргізілуде.
Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, процестік тексеру жалғасуда.
