«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘлемБасты ақпарат

БАҚ: Ресей Иранға әуе қорғаныс зымырандарын жеткізу туралы құпия келісім жасаған

БАҚ мәліметінше, Ресей Иранмен қару-жарақ жеткізу туралы құпия келісім жасаған. Басылымның жазуынша, өткен жылдың желтоқсанында тараптар Ресейдің Иранға 9K333 Verba үлгісіндегі 2500 зымыран мен 500 ұшыру қондырғысын беруі жөнінде уағдаласқан. Келісімнің жалпы құны – 495 миллион еуро.

«Верба» – Ресейдің заманауи әуе қорғаныс жүйелерінің бірі. Бұл тасымалды зениттік-зымыран кешенін шағын мобильді топтар баллистикалық және қанатты зымырандарды, ұшақтар мен дрондарды жою үшін қолдана алады. Financial Times дерегіне сәйкес, жеткізу жұмыстары 2027–2029 жылдар аралығында үш кезеңмен жүзеге асырылмақ. Алайда басылым кейбір жүйелердің Иранға әлдеқашан жеткізілгенін хабарлады. Мәліметтерге қарағанда, Тегеран бұл зымырандарды Ресейден өткен жылдың маусым айында болған Израиль–Иран қақтығысынан кейін бірнеше күн өткен соң сұратқан. Он екі күнге созылған шиеленіс барысында Израиль мен АҚШ Иранның әскери нысандары мен ядролық инфрақұрылымына әуе соққыларын жасаған. Соның салдарынан Иранның әуе қорғаныс жүйелері едәуір зақымданғаны айтылды.

Бұдан бөлек, Ресей Иранға шабуылдаушы тікұшақтар жеткізуді де жоспарлап отыр. Қаңтар айында Иран Ресейден алты Mil Mi-28 тікұшағын алғаны хабарланды. Олардың бірі осы айда Тегеранда пайдаланылған.

Бұл келісім АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс күшейген кезеңде белгілі болып отыр. АҚШ президенті Иранды ядролық бағдарламасын шектеуге мәжбүрлеу үшін әскери күш қолдану мүмкіндігін бірнеше рет ескерткен. Ал Тегеран мұндай жағдайда қарсы жауап беретінін мәлімдеді. Тараптар арасындағы келіссөздер осы бейсенбі күні Женевада жалғасуы тиіс.

Еске сала кетейік, бұған дейін БАҚ-та АҚШ әскері Иранға ықтимал соққы жасауға дайындықты аяқтағаны туралы ақпарат тараған еді.

Ұқсас жаңалықтар

Зайсаннан газ табылса, Қытайға экспорттала ма? – министр түсіндірді

Қорғаныс министрлігі Қазақстан дипломатының Польшада ұсталғанын растады

Redaktor Shyn-Ar

Қазақстанға Болгария президенті ресми сапармен келеді