Өскемен әкімі Алмат Ақышов халықпен есептік кездесуде қаланы екі әкімшілік ауданға бөлу мәселесіне қатысты пікір білдірді.
Әкімнің айтуынша, бүгінде Өскемен қаласында 400 мыңнан астам адам тұрады. Алайда тұрғындардың бір бөлігі ресми тіркеуде болмағандықтан, статистикада халық саны шамамен 380 мың адам деп көрсетілген. Бұл құбылыс субурбанизация үдерісімен байланысты екені атап өтілді.
«Егер ресми түрде 400 мың межесіне жетсек, қаланы кеңес дәуіріндегідей екі ауданға бөлуге мүмкіндік туар еді. Ондай жағдайда қаланың дамуына екі коммуналдық шаруашылық бөлек жауап берер еді», – деді әкім.
Оның сөзінше, ұзындығы 80 шақырымға созылған қаланы қазір бір әкім және оның үш орынбасары ғана басқарып отыр.
«Бұл, әрине, оңай емес. Сондықтан алдағы уақытта тұрғындардың нақты санын анықтау жұмыстарын қолға аламыз. Егер көрсеткіш 400 мыңнан асса, жоғары тұрған басшылыққа қаланы екі ауданға – сол жағалау және оң жағалау болып бөлу туралы ұсыныс енгіземіз», – деді Алмат Ақышов.
