2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда электрсамокаттарды пайдалану тәртібі қатаңдайды. Жаңа талаптарға сәйкес, жалға берілетін самокаттарға міндетті сақтандыру мен мемлекеттік тіркеу нөмірі енгізіліп, тротуармен жүруге тыйым салынады.
Бұл өзгерістер көктем-жаз мезгілінде, әсіресе Алматы қаласында электрсамокат маусымы қыза түсетін кезеңде өзекті болмақ. Былтыр тротуар қауіпсіздігі, инфрақұрылымның жеткіліксіздігі және жол-көлік оқиғаларының көбеюі қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырған еді.
Қыс мезгілінде Ішкі істер министрлігі мәселені қайта қарап, заңнамаға түзетулер енгізді. Мәжіліс құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Нәтижесінде жалға берілетін электрсамокаттар азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыруды және тіркеу нөмірін талап ететін көлік құралдары санатына енгізілді.
Полиция департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың көктемінде қолданыстағы ережелер сақталады: велосипед жолдары мен жолақтарымен жүру басымдықта болады; олар болмаған жағдайда жолдың оң жақ жиегімен немесе автобус жолағымен жүруге рұқсат етіледі (18 жастан бастап және кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болғанда); жол жиегімен қозғалуға болады; сондай-ақ тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен, жаяу жүргіншілерге қауіп төндірмей жүруге рұқсат етілген.
Алайда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап «Жол жүрісі туралы» заңның 28-бабы 3-тармағы күшіне енеді. Өзгерістер жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар жалға беретін электрсамокаттарға қатысты болады. Кикшеринг компаниялары самокаттардың техникалық жағдайын тұрақты тексеруге, ақаулы құралдарды пайдаланудан дереу шығаруға міндеттеледі. Жалға алушының жеке басын және жүргізуші куәлігінің бар-жоғын растау талап етіледі. Сонымен қатар айыппұлдар мен құқықтық салдар туралы алдын ала ескерту, жылдамдық пен орналасқан жерді тіркейтін және шектеулі аймақтарда автоматты түрде жылдамдықты төмендететін жүйелер орнату, самокаттарды жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысына кедергі келтіретін жерлерде қалдырмау міндеті жүктеледі. Әр самокатқа азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру рәсімделіп, мемлекеттік тіркеу нөмірі берілуі тиіс.
Жалға беруге 18 жасқа толмағандарға, жүргізуші куәлігі жоқ азаматтарға және көлік басқару құқығынан айырылған тұлғаларға тыйым салынады. Маңыздысы – жүргізуші куәлігі жолдың жүру бөлігіне шығу-шықпауына қарамастан міндетті болады.
Қазіргі уақытта ІІМ-нің 2023 жылғы 30 маусымдағы №534 бұйрығына сәйкес, тротуармен сағатына 6 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат етілген. Алайда жаңа түзетулерге сай 1 шілдеден бастап электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне толық тыйым салынады. Тек арнайы белгіленген «ортақ қозғалыс аймақтарында» ғана жылдамдық сағатына 6 шақырымға дейін шектеліп, жаяу жүргіншіге басымдық беріледі. Ал велосипедтер мен қуаты шектеулі шағын электркөлік құралдарына тротуармен жүруге рұқсат сақталады.
Алматы әкімдігі вело және самокат инфрақұрылымын кеңейтуді жоспарлап отыр. Алдын ала мәлімет бойынша, қалада қосымша 80–88 шақырым жаңа веложол салу көзделген.
Алматы қаласы полиция департаментінің басшысы Айдын Қабдулдиновтің айтуынша, 2025 жылы қалада электрсамокаттардың қатысуымен 386 жол-көлік оқиғасы тіркелген. 400-ден астам адам жарақат алып, бір адам қаза тапқан. 24 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылып, 10 мыңнан аса самокат арнайы тұрақтарға қойылған.
Полиция өкілдерінің айтуынша, заңнаманы қатаңдату апат санын азайтып, жолдағы тәртіпті күшейтуге бағытталған шара.
Еске салсақ, 2024 жылы Алматыда 16 жастағы Мақпалды жеке электросамокат қағып кеткен. Жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен, ал маңайда бейнебақылау камерасы болмаған. Алғашында оның қолына гипс салынғанымен, кейін саусақтары кері қайырылып, білек пен шынтақ буындары қисайып, қолы дірілдей бастаған. Түркия дәрігерлері оған жарақат салдарынан дамыған симпатикалық рефлекторлық дистрофия диагнозын қойған. Оң қолы қалпына келгенімен, сол қолы әлі де қатты ауырады. Қолдың толық семіп кетуінің алдын алу үшін нейростимулятор орнату қажет, оның құны – 18,5 млн теңге.
