WhatsApp мессенджері 13 жасқа дейінгі балаларға арналған арнайы аккаунт түрін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы компания ресми мәлімдеме жасады.
Жаңа аккаунттарда бірқатар функциялар шектеледі. Балалар мұндай профиль арқылы тек хабарлама алмасып, қоңырау шала алады. Сонымен қатар аккаунтты міндетті түрде ата-анасы немесе қамқоршысы бақылап отырады.
Компанияның мәліметінше, ата-аналар баланың аккаунтымен кім байланыса алатынын және оның қандай топтарға қосыла алатынын өздері реттей алады. Сондай-ақ олар белгісіз нөмірлерден келген хабарлама сұраныстарын көріп, құпиялылық параметрлерін басқару мүмкіндігіне ие болады.
Соңғы жылдары балалардың әлеуметтік желілерді қолдануына қатысты алаңдаушылық артып отыр. Мәселен, Аустралия балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануына шектеу енгізген алғашқы елдердің бірі болды. Мұндай шаралар жасөспірімдердің психикалық денсаулығын қорғау мақсатында қолға алынған.
Сарапшылар мессенджерлердегі қауіпсіздік мәселелеріне де назар аударып отыр. Кейбір жағдайларда алаяқтар қолданушыларды алдап, қауіпсіздік кодтары мен PIN-кодтарын сұрап алып, олардың жеке аккаунттары мен топтық чаттарына қол жеткізген.
Осыған байланысты WhatsApp балаларға арналған аккаунттарда қауіпсіздік пен ата-аналық бақылауды күшейтуді көздеп отыр.
Еске салайық, Қазақстанда да балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануын шектеу мәселесі талқыланып жатыр. Мәжіліс депутаттарының ұсынысынан кейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, балаларды зиянды контенттен қорғау жолдары қарастырылуда. Әзірге бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім қабылданған жоқ.
