Мәжіліс депутаты Еділ Жанбыршин қаңғыбас иттерге қатысты енгізілген қатаң шараларға түсініктеме берді. Ол бұл туралы 2026 жылғы 8 сәуірде өткен брифингте мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілген түзетулер қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Журналистер тарапынан қаңғыбас иттерге қатысты эвтаназия шарасының тым қатаң екені жөнінде сұрақ қойылған.
Жанбыршин бұл мәселеде адам өмірі басты құндылық екенін атап өтті.
«Біз үшін ең қымбат құндылық – адам өмірі. Егер заң жануарды қорғай отырып, баланы қорғамайтын болса, онда оны қайта қарауымыз керек. Бұл – біздің негізгі басым бағытымыз», – деді ол.
Сонымен қатар депутат заңның жануарларға қарсы бағытталмағанын жеткізді.
«Бұл тек жануарларға қатысты мәселе емес, кешенді шаралар қарастырылған. Заң иттерге қарсы емес, ең алдымен қоғам мен адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған», – деп түсіндірді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаттары «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілген түзетулерді қабылдаған болатын.
