Димаш Құдайберген шығармашылығында жаңа кезең басталғанын мәлімдеді. Халық әртісі енді продюсерлік қызметке бет бұрып, алғашқы жобасын қолға алды. Оның продюсерлік жұмысындағы тұңғыш әртісі – «Voice Beyond Horizon» байқауының жеңімпазы Нұржас Садырбаев.
Әнші өзінің көпжылдық тәжірибесіне сүйене отырып, халықаралық деңгейде өнер көрсететін жаңа жұлдыз дайындауды мақсат етіп отыр. Ол Азиядан бастап Америкаға дейінгі үлкен сахналарда Қазақстан атынан шығатын әртіс қалыптастыруды көздейді.
Димаштың айтуынша, бұл жолдағы басты күш – тыңдармандардың қолдауы мен бірлігі. Сонымен қатар, ол Нұржаспен бірге студиядағы алғашқы бірлескен жұмысының үзіндісін жақын күндері ұсынатынын жеткізді. Жаңа әннің ресми тұсаукесері алдағы аптаға жоспарланған және ол Димаштың YouTube арнасында Астана уақытымен сағат 17:00-де өтеді.
