Қазақстанда ым тілін заң жүзінде толыққанды қарым-қатынас тілі ретінде тану мәселесі қайта көтерілді. Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында есту және сөйлеу қабілеті бұзылған азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуді ұсынды.
Депутаттың айтуынша, елімізде жыл сайын мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарының бұзылуына байланысты құқық қорғау органдарына 45 мыңнан астам өтініш түседі.
«Бұл – жай ғана статистика емес. Бұл – қоғамнан шет қалып жатқан адамдардың үні», – деді ол.
Смолякованың мәліметінше, Қазақстанда есту және сөйлеу қабілеті бұзылған 30 мыңнан астам адам тұрады. Оның ішінде шамамен 5 мыңы – балалар. Олар үшін ым тілі тек байланыс құралы емес, сыртқы әлеммен қарым-қатынас орнатудың негізгі жолы болып отыр.
Соған қарамастан, депутат Қазақстанда ым тілі әлі күнге дейін заңнамалық деңгейде ресми танылмағанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл жағдай мыңдаған азаматтың ақпаратқа, білімге, жұмысқа, мемлекеттік қызметтерге және қоғамдық өмірге толыққанды қол жеткізуіне кедергі келтіреді.
Сондай-ақ ол сурдопедагог мамандарының тапшылығына назар аударды. Қазіргі таңда елде небәрі 221 сурдопедагог жұмыс істейді, ал мұндай мамандарды тек төрт жоғары оқу орны даярлайды. Бүгінде осы мамандық бойынша бар болғаны 35 студент білім алып жатыр.
Депутат сурдоаударма қызметіне бөлінетін уақыттың аздығын да сынға алды. Қазір есту қабілеті бұзылған азаматтарға жылына тек 60 сағат сурдоаударма қызметі көрсетіледі.
«Бұл күнделікті өмірге де жеткіліксіз. Ауруханаға бару, мемлекеттік қызмет алу, оқу, жұмыс, қоғамдық өмір бар. Ал біз мұның бәрін жылына 60 сағатпен шектеп отырмыз», – деді Смолякова.
Депутат үкіметтен ым тілін толыққанды қарым-қатынас тілі ретінде заң жүзінде тануды, оны білім беру, медицина, сот, мемлекеттік қызмет және БАҚ салаларында қолдануға кепілдік беруді сұрады. Сонымен қатар ол сурдоаударма қызметінің лимитін қайта қарауды, субтитр мен сурдоаудармасы бар контент көлемін арттыруды және сурдопедагогтарды даярлау ісін кеңейтуді ұсынды.
«Есту қабілеті бұзылған азаматтарға тең мүмкіндік беру – қайырымдылық емес, әділетті мемлекеттің белгісі. Әр адам дауыстап сөйлей алмауы мүмкін, бірақ әркімнің өз ойын айтуға құқығы бар», – деп түйіндеді парламентарий.
