Қазақстанда харассмент ұғымын заң жүзінде бекіту мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев бұл бағыттағы түзетулер әзірленіп жатқанын және қазіргі таңда мемлекеттік органдар арасында келісу кезеңінен өтіп жатқанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, заң жобасы үкімет бастамасы ретінде қарастырылып жатыр және депутаттардың талқылауына ұсынылмас бұрын бірнеше рәсімнен өтуі қажет. Вице-министр бұл мәселе бойынша жұмыстар жалғасатынын және нормалар толыққанды заңнамалық деңгейде бекітілетінін атап өтті.
Тиісті бастама адам құқықтары жөніндегі жоспар аясында жүзеге асырылып отыр. Сонымен қатар, бұл өзгерістер Халықаралық еңбек ұйымы ұсынған ұсынымдарға негізделген.
Министрлік өкілінің сөзінше, харассмент үшін жауапкершілік енгізбес бұрын, ең алдымен осы ұғымның заңдық анықтамасын нақтылау қажет. Сондай-ақ оның қолданылу аясы, қандай жағдайларда қолданылатыны және құқықтық шекарасы айқындалуы тиіс.
Ербол Тұяқбаев халықаралық үздік тәжірибелер ескерілетінін айтты. Қазіргі басты мәселе — қандай жауапкершілік түрі енгізілетіні. Бұл бағытта мемлекеттік органдармен келіссөздер жалғасып жатыр. Егер тиісті талаптар қабылданса, оған сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік те қарастырылуы мүмкін.
