«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарАқпарат

Ауылдар мен қалалар мәртебесінен айырыла ма? Жаңа талаптар белгілі болды

Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» жаңа Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжатты таныстырған Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков заң жобасы елдегі конституциялық реформаларға сәйкес әзірленгенін айтты.

Заң жобасына сәйкес, облыстар мен аудандарды құру немесе тарату туралы шешімді Президент қабылдайды. Сонымен қатар Президент елді мекендерді республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қала санатына жатқызу мәселелерін де бекітеді. Ал Үкімет Президентке ұсыныстар енгізіп, Астана, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың шекарасын белгілеу және өзгерту құзыретін жүзеге асырады.

Құжатта елді мекендердің мәртебесін анықтауға қатысты нақты талаптар қарастырылған. Жаңа нормаларға сәйкес, қалалық елді мекендерге барлық деңгейдегі қалалар, ал ауылдық елді мекендерге ауылдар мен кенттер жатады. Вице-министрдің айтуынша, бұл талаптар елді мекендердің мәртебесін негізсіз өзгертуге жол бермеу үшін енгізілген. Мәртебені өзгерту кезінде әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен тұрғындардың пікірі ескеріледі.

Заң жобасында жергілікті атқарушы және өкілді органдардың құзыреттері де нақты айқындалған. Олар ауыл мен кент мәртебесін беру, әкімшілік бағыныстылықты анықтау, сондай-ақ шекараларды белгілеу және өзгерту мәселелерімен айналысады.

Құжатта цифрландыру мәселесіне де ерекше назар аударылған. Әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың шекаралары арнайы ақпараттық жүйеде тіркеліп, есепке алынады. Сонымен қатар елді мекендердің шекарасын белгілеу бас жоспарлар мен аумақты дамыту схемалары негізінде жүргізіледі. Министрлік бұл өзгерістер аумақтық жоспарлау мен қала құрылысы жүйесінің байланысын күшейтетінін атап өтті.

Министрлік мәліметінше, заң жобасының негізгі мақсаты – елдің аумақтық тұтастығын нығайту, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру және әкімшілік-аумақтық жүйені жаңа Конституция талаптарына сәйкестендіру. Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар құжатты бірінші оқылымда мақұлдады.

Ұқсас жаңалықтар

ҚҚС шегі: үкімет жаңа шешімді жариялады

Redaktor Shyn-Ar

ҰҚК Қаңтар оқиғасында ұрланған кезекті қару-жарақтарды тәркіледі

Тамара Дүйсенова премьер-министрдің орынбасары қызметінен кетіп, жаңа лауазымға тағайындалды

Redaktor Shyn-Ar