«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпарат

Әл-Фараби даңғылында жол апатындағы адамдар өліміне қатысты күдікті 15 айдан кейін бостандыққа шығуы мүмкін – Адвокат

Адвокат Жохар Өтебеков Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында үш адамның қаза болуына себеп болған жол-көлік оқиғасына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, белгілі бір жағдайларда сотталған адам жаза тағайындалғаннан кейін шамамен 1 жыл 3 айдан соң бостандыққа шығуы мүмкін.

Өтебековтің мәліметінше, адам өліміне әкелген жол апаттары бойынша тараптардың татуласуы кінәлі тұлғаны қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды. Заңда шартты жаза тағайындауға тыйым салынбағанымен, сот тәжірибесінде мұндай істер бойынша ол сирек қолданылады.

Аталған бап бойынша жаза мерзімі 7 жылдан 10 жылға дейінгі бас бостандығынан айыруды көздейді. Алайда сотталушы келтірілген залалды өтеп, кінәсін мойындап, ауырлататын мән-жайлар анықталмаған жағдайда, соттар көбіне шамамен 5 жыл мерзім тағайындайды.

Адвокаттың айтуынша, мұндай істер бойынша сотталғандар жазасын түзету мекемелерінде өтейді. Сонымен қатар тергеу изоляторында өткізілген бір күн екі күн ретінде есептеледі. Заңға сәйкес, сотталған адам жаза мерзімінің төрттен бір бөлігін өтегеннен кейін қалған жазаны неғұрлым жеңіл түрге ауыстыру туралы өтініш бере алады. Егер сот 5 жыл жаза тағайындаса, мұндай мүмкіндік шамамен 1 жыл 3 айдан кейін туындауы ықтимал.

Еске салайық, 21 наурыз күні Алматы қаласындағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында ауыр жол апаты болды. Алдын ала мәлімет бойынша, Zeekr автокөлігінің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Соның салдарынан ол қарсы бағытта келе жатқан Mercedes көлігімен соқтығысқан.

Оқиға салдарынан Mercedes жүргізушісі және оның екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Қаза болғандардың жасы 20, 23 және 29 жаста болған. Ал Zeekr жүргізушісі түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жол апатына Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы болуы мүмкін екенін айтқан болатын. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында Әл-Фараби даңғылындағы заңсыз көлік жарысына полиция қызметкері қатысқан деген күдік бар екенін жазып, Ішкі істер министрлігінен ресми түсініктеме беруді сұрады.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада жарысқа полиция департаменті бөлімше басшысының орынбасары қызметтік көлікпен қатысқаны айтылған. Бейресми ақпаратта бұл оқиғаға ішкі істер органдарының қызметкері Ержан Ұзабаевтың қатысы болуы мүмкін екені көрсетілген. Алайда полиция бұл мәліметті әзірге растаған да, жоққа шығарған да жоқ.

Жол апатынан кейін Алматы қалалық полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Саденов мәлімдеп, қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің хабарлауынша, министрдің бұйрығымен Алматы қаласы полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігіне жауапты орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылған.

Ұқсас жаңалықтар

Туу көрсеткіші құлдырады: Ауыл мен қалада да балалар саны азайып жатыр

Redaktor Shyn-Ar

Назарбаевтың бейресми әйелі Мәскеудегі элиталы пәтердің иесі болып шықты

Әлем чемпионы Айсара Керімбекова 20 жылдан бері аула сыпырып жүр