«Отан отбасынан басталады» қағидатын ұстанған «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі еліміздің барлық өңірлерінде отбасы институтын нығайтуға, ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға және азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеді. Бірлестіктің басты мақсаты – саналы азамат қалыптастыру арқылы сапалы қоғам құру. Осы бағытта мыңдаған ата-анаға, педагогтер мен жастарға арналған форумдар, семинарлар мен әлеуметтік жобалар ұйымдастырылып, жауапкершілік мәдениетінің қалыптасуына ықпал етілуде.
Бүгінде азаматтық жауапкершілік мәселесі мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды. Бұл үрдіс Конституцияға енгізілген өзгерістерден де көрініс тапты. Ата Заңдағы жаңашылдықтар азаматтардың құқықтарымен қатар қоғам мен мемлекет алдындағы міндеттерін де нақтылай түсті.

Осыған орай Алматы қаласындағы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №20 кітапханада «Жаңа Конституциядағы азаматтық жауапкершіліктің күшеюі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалының жетекшісі Меруерт Мәулетқызы, заңгер-сарапшы Мәдіхан Шаһризада Әбдірашитқызы және ReJastary жастар қанатының белсендісі Рәбина Қобланқызы қатысты.
Сөз алған Меруерт Мәулетқызы Конституциядағы маңызды өзгерістердің бірі азаматтық жауапкершілік қағидаты екенін атап өтті.
– Азаматтардың құқықтарымен қатар олардың қоғам алдындағы міндеттеріне де баса назар аударылған. Бұл әр адамның заңды құрметтеуіне, қоғамдық тәртіпті сақтауға және ел дамуына үлес қосуына мүмкіндік береді. Біздің бірлестік те ата-аналардың жауапкершілігін арттыру арқылы азаматтық сананы қалыптастыру бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Өйткені саналы азамат ең алдымен жауапкершілігі жоғары отбасында тәрбиеленеді, – деді ол.
Заңгер-сарапшы Мәдіхан Шаһризада Әбдірашитқызы Конституциялық реформалардың құқықтық маңызына тоқталып, жеке өмірге қол сұқпаушылық, дербес деректерді қорғау және цифрлық қауіпсіздік мәселелерінің өзектілігін атап өтті. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарды сақтау әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін жеткізді.

Ал жастар атынан сөз сөйлеген Рәбина Қобланқызы Конституциялық өзгерістердің жастарға беретін мүмкіндіктеріне тоқталды.
– Азаматтық жауапкершілік тек заң талаптарын орындаумен шектелмейді. Ол қоғамдық мәселелерге бейжай қарамау, еріктілік қызметпен айналысу және ел дамуына үлес қосуды қамтиды. Сондықтан жастардың азаматтық белсенділігін арттыру аса маңызды, – деді ол.
Кездесу барысында қатысушылар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамдық белсенділікті дамыту жолдарын талқылады. Тыңдаушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.
Бүгінде «Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестігі жүзеге асырып отырған жобалар қоғамдағы азаматтық жауапкершілік мәдениетін нығайтуға бағытталған. Өйткені жауапты азамат қана отбасының да, қоғамның да, мемлекеттің де дамуына үлес қоса алады.
Саналы азамат қалыптастыру отбасы тәрбиесінен басталып, білім беру мен қоғамдық жұмыстар арқылы жалғасады. Осындай жүйелі еңбектің нәтижесінде ғана жауапкершілігі жоғары, белсенді әрі отаншыл қоғам қалыптасады.
Бифат Елтаева
