Қазақстанның жүргізуші куәлігі енді Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) жарамды болады. Екі ел арасындағы келісім нәтижесінде қазақстандықтар ұлттық жүргізуші куәлігімен БАӘ аумағында көлік жүргізе алады.
Бұл туралы келісім Абу-Дабиде өткен кездесуде Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Сәденов пен БАӘ Премьер-министрінің орынбасары, Ішкі істер министрі Шейх Саиф бен Заид Әл Нахаян арасында жасалды. Құжатқа сәйкес, тараптар бір-бірінің жүргізуші куәліктерін өзара тану жөнінде уағдаласты.
Келісімнің басты мақсаты – екі ел азаматтары үшін әкімшілік рәсімдерді жеңілдету және қолайлы жағдай жасау.
Жыл сайын БАӘ-ге шамамен 400 мың Қазақстан азаматы барады. Сондай-ақ бұл елде 14 мыңға жуық қазақстандық тұрақты тұрады. Жаңа меморандум олардың жүргізуші куәлігін пайдаланудағы мүмкіндіктерін кеңейтеді.
