Қазақстанда аптасына төрт күн жұмыс істеу жүйесі біртіндеп кеңінен қолданылуы мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бүгінде кейбір мамандар аптасына 32 сағат қана жұмыс істеп жүр. Мұндай жұмыс тәртібі еңбек өнімділігін арттырып, қызметкерлерге жеке өміріне, отбасына және денсаулығына көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.
Төрт күндік жұмыс аптасы Қазақстанның еңбек заңнамасына 2023 жылы енгізілген. Алайда бұл тәртіп міндетті емес. Ол тек жұмыс беруші мен қызметкердің өзара келісімі арқылы ғана жүзеге асырылады. Сондықтан барлық қазақстандықты жаппай төрт күндік жұмыс режиміне көшіру жоспарда жоқ.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің бас сарапшысы Арман Оспановтың айтуынша, бұл жағдайда заңмен белгіленген апталық 40 сағаттық жұмыс уақыты сақталады. Яғни, қызметкер бір аптада алты күн, келесі аптада төрт күн жұмыс істеуі мүмкін. Мұндай өзгеріс жалақы көлеміне де әсер етпейді.
Дегенмен сарапшылар төрт күндік жұмыс аптасы барлық салаға бірдей қолайлы емес екенін айтады. Өндіріс, медицина, білім беру, көлік және қызмет көрсету салаларында жұмыс уақытын қысқарту қосымша шығындарға әкелуі ықтимал. Мұндай жағдайда кәсіпорындарға қосымша ауысым ашуға немесе жаңа қызметкерлерді жұмысқа қабылдауға тура келеді.
Экономист Бекнұр Қисықовтың пікірінше, қазіргі таңда кәсіпкерлердің басым бөлігі мұндай өзгеріске психологиялық тұрғыдан әлі дайын емес. Оның айтуынша, қоғам дәстүрлі таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейінгі жұмыс кестесіне үйреніп қалған. Алайда жаңа буын еңбек нарығына өзгеше көзқараспен келуде. Олар жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауға басымдық береді, сондықтан икемді жұмыс форматына сұраныс артып келеді.
Сонымен қатар, төрт күндік жұмыс аптасы енгізілген жағдайда күнделікті жұмыс уақыты ұзара түсуі мүмкін. Сондықтан бұл жүйенің тиімділігі әр ұйымның қызмет ерекшелігі мен өндірістік қажеттілігіне байланысты болады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, егер ұйымның жұмысын төрт күнде тиімді ұйымдастыру мүмкін болса, жұмыс беруші осындай шешім қабылдай алады.
«Менің ойымша, біз бұған кезең-кезеңімен келеміз. Уақыт өте келе жекелеген салалар төрт күндік жұмыс аптасына өте бастайды», – деді ол.
