«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпаратСаясат

Мемлекеттік туды қайда ілуге болады: Үкімет жаңа ережелерді бекітті

Үкіметтің 2026 жылғы 26 маусымдағы қаулысымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын, Мемлекеттік елтаңбасын және олардың бейнелерін пайдалану (орнату және орналастыру) қағидаларына өзгерістер енгізілді.

Жаңа талаптарға сәйкес, патриоттық сезімді нығайту, қазақстандық бірегейлікті дәріптеу және ел мен оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында жеке және заңды тұлғалар Мемлекеттік туды тұрғын және тұрғын емес ғимараттарға, оның ішінде балкондарға (45 градус бұрышпен), сондай-ақ салтанатты іс-шаралар өтетін орындарға орналастыра алады.

Мемлекеттік ту көлеміне қарамастан ұлттық стандарт талаптарына толық сәйкес болуы тиіс. Ұлттық стандарт талаптарын бұза отырып пайдалануға, сондай-ақ туды қорлауға бағытталған кез келген әрекетке жол берілмейді.

Қағидаға сәйкес, Мемлекеттік туды жеке тұрғын үйлерде жерден кемінде 3 метр биіктікте орналастыру қажет. Бұл ретте түнгі уақытта туды жарықтандыру міндетті емес. Егер ғимараттың сәулеттік немесе техникалық ерекшеліктері мүмкіндік бермесе, туды оған іргелес аумақта орналасқан жеке ту тұғырына (флагштокқа) орнатуға болады.

Сондай-ақ ту жерге, еденге, суға немесе басқа да беттерге тимеуі тиіс. Тік күйде ілінген жағдайда ұлттық өрнек матаның жоғарғы бөлігінде орналасуы қажет. Мәдени, спорттық, қоғамдық және өзге де іс-шараларда Мемлекеттік туды коммерциялық мақсатта пайдалануға болмайды. Бұдан бөлек, ту жыртылған, тозған, жамалған, тесілген, ластанған, өңі кеткен немесе мыжылған болмауы керек. Жеке және заңды тұлғаларға тиесілі көлік құралдарының салонында Мемлекеттік туды заң талаптарын сақтай отырып пайдалануға рұқсат етіледі.

Құжатқа сәйкес, Мемлекеттік туды қасақана бүлдіруге, жоюға, өртеуге, жыртуға, жерге тастауға, мақсатсыз пайдалануға немесе оның мемлекеттік рәміз ретіндегі қадір-қасиеті мен маңызын төмендететін кез келген әрекет жасауға жол берілмейді.

Сонымен қатар Мемлекеттік туды жарнамалық мақсатта, сондай-ақ киім-кешек, төсек-орын жабдықтары, перде, дастарқан, кілемше және басқа да тұрмыстық бұйымдар ретінде пайдалануға тыйым салынады. Ал спортшылардың спорттық киімі мен арнайы жабдықтарында Мемлекеттік тудың бейнесін пайдалануға рұқсат етіледі.

Түзетулерге сәйкес, Президенттің, Парламенттің, Үкіметтің, мемлекеттік органдардың, соттардың, мәслихаттар мен әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарында мемлекеттік рәміздер бір деңгейде және мынадай ретпен орналастырылуы тиіс: Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба, Мемлекеттік әнұран.

Сондай-ақ мемлекеттік рәміздерге арналған стендтер орналасқан бөлмелер немесе олардың бөліктері эстетикалық талаптарға сай безендіріліп, шаруашылық-тұрмыстық бөлмелерден, дәліздерден және киім ілетін орындардан алыс орналасуы қажет. Егер стендтерде немесе плакаттарда Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік әнұран мәтіні бірге орналастырылса, олардың орналасу реті де қатаң сақталуы тиіс. Бұдан бөлек, мұндай стендтер, плакаттар және өзге де көрнекі материалдар көк түсті фонда безендіріліп, жазулар алтын түспен жазылуы керек.

Қаулы 2026 жылғы 13 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

Ұқсас жаңалықтар

МӘМС 30 млн теңгеден астам қаражатты желге ұшырған

Redaktor Shyn-Ar

Су астындағы сырлы тіршілік: дельфиндер неге қауіпті болуы мүмкін?

Redaktor Shyn-Ar

Алматыда Амантай қажының үстінен іс қозғалды