Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі 2026–2027 оқу жылына арналған оқулықтар тізбесін бекіту және білім беру ұйымдарын оқулықтармен әрі оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі 2026 жылғы 16 шілдеде хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, барлық мектеп оқулықтарына қосымша сараптама жүргізілді. Нәтижесінде оқулықтардан 700-ден астам қателік пен ескерту анықталып, оларды түбегейлі түзету туралы шешім қабылданды.
Бұған дейін Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қосымша тексеру барысында анықталған кемшіліктер туралы мәлімдеген еді. Оның айтуынша, барлық ескертулер оқулықтар түпкілікті бекітілгенге дейін жойылады.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта баспалар мен тәуелсіз сарапшылар бірлесіп анықталған қателерді түзету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қосымша уақыттың бөлінуі оқулықтардың мазмұны мен сапасын белгіленген талаптарға толық сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
Оқу-ағарту министрлігі негізгі мақсат – әрбір оқушыны мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына, қолданыстағы заңнама талаптарына және заманауи білім беру үдерісіне сай сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Сонымен қатар, мектептерді оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жалғасып жатыр.
