Алматы әуежайындағы жаңа халықаралық терминалдың екінші қабаты жүргізушілер үшін даулы орынға айналды. Жолаушыны түсіріп, бірден кетіп қалған көлік иелеріне бірнеше күннен кейін 21 мың теңге көлемінде айыппұл келе бастаған. Жүргізушілер мұндай талапқа түсінбей, полициядан нақты түсініктеме сұрап отыр.
Желі қолданушыларының бірі 7 тамызда әпкесін шығарып салу үшін әуежайдың екінші қабатына көтерілгенін жазған. Оның айтуынша, кіреберіс маңында жүгін түсіріп, көлікті бірден жүргізіп кеткен. Алайда араға бір апта салып, оған айыппұл келген.
«Егер жолаушыны түсіруге болмайтын болса, онда көліктердің екінші қабатқа кіріп-шығуына не үшін мүмкіндік берілген? Ол жерде көлік қоятын арнайы тұрақ та жоқ», – деп наразылығын білдірген жүргізуші.
Бұл жалғыз жағдай емес. Әлеуметтік желілерде Алматыдағы такси жүргізушілерінің әуежайға қатысты наразылығы күшейіп жатқаны туралы ақпарат тарады.
Жүргізушілердің айтуынша, жолаушыны түсіру үшін терминал алдына небәрі бірнеше минут тоқтағанның өзінде, оларға дұрыс емес тұраққа қойғаны үшін 21 мың теңге шамасында айыппұл салынған. Кейбір жүргізушілер мұндай айыппұлды жүздеген адамның алғанын айтып отыр.
Наразылық ретінде кейбір такси жүргізушілері әуежайға тапсырыс қабылдаудан бас тарта бастаған. Олардың басты уәжі – жолаушыны қауіпсіз түсіріп алатын нақты орынның болмауы және бірнеше минуттық тоқтаудың өзі қомақты айыппұлға әкелуі.
Осы жерде жүргізушілердің көкейіндегі басты сұрақ туындайды: егер әуежайдың екінші қабаты жолаушыларды қарсы алуға және шығарып салуға арналған болса, онда көліктер жолаушыны қай жерде түсіруі керек?
Жүргізушілер заң талаптарын бұзғысы келмейтінін, алайда әуежайдағы жол қозғалысын ұйымдастыру тәртібі түсінікті әрі нақты болуы керектігін айтып отыр.
Енді мәселе полиция мен әуежай әкімшілігінің түсініктемесіне тіреліп тұр. Жолаушыны түсіру үшін бірнеше минут тоқтаған көлік неге айыппұл алады және әуежайда мұндай жағдайдың алдын алатын арнайы орын қарастырылған ба?
Жүргізушілер осы сұрақтарға нақты жауап күтуде.
