Шығыс Қазақстан облысындағы Шалқар көлінде шетелдік туристер жартасқа жазу жазып, табиғи нысанға зиян келтірген.
Оқиға куәгерлерінің бірі болған жағдайды видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған. Бейнежазба көпшіліктің наразылығын тудырып, қызу талқыланды.
Шығыс Қазақстан облысының полициясы жүргізген тексеру нәтижесінде жартасқа «Санкт-Петербург» деген жазуды қашап жазған шетелдік азаматтар анықталды.
Полиция мәліметінше, заңбұзушыларға қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505-бабы — «Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу» бойынша тиісті шаралар қабылданған. Сонымен қатар олармен түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Шетелдік азаматтарға жартасқа қашап жазылған жазуды өз күштерімен өшіріп, бүлінген нысанды бастапқы қалпына келтіру тапсырылған.
