«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарБасты ақпарат

Қазақстанда АИ-95 пен АИ-98 бензиніне шағым көбейді: Министр не дейді?

Қазақстанда көлік иелері АИ-95 және АИ-98 бензинін құйғаннан кейін көліктерінде ақау пайда болғанын айтып, әлеуметтік желілерде жаппай шағымданып жатыр. Осыған байланысты жанармай сапасына тексеру жүргізіліп жатыр.

Бұл туралы Үкіметтегі брифингте энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, мәселенің мән-жайын анықтау үшін оның орынбасары мен Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Павлодарға жіберілген. Қазір мамандар Павлодар мұнай-химия зауытында өндірілетін отынның сапасына қатысты заңбұзушылықтардың бар-жоғын тексеріп жатыр.

«Қазір әлеуметтік желілерде бұл тақырып өткір көтеріліп жатыр. Кеше менің орынбасарым, вице-министр Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасарымен бірге Павлодар қаласына жіберілді. Олар қазір Павлодар зауытында отын сапасына қатысты заңбұзушылықтардың бар-жоғын тексеріп жатыр», – деді Ақкенженов.

Министр сонымен қатар Атырау мұнай өңдеу зауытынан бензиннің жаңа партиясы жолға шыққанын хабарлады. Оның сөзінше, жаңа отын партиясы шамамен 10–12 күн ішінде жеткізіледі.

«Өз тарапымнан 10–12 күн шыдау қажет екенін айтқым келеді. Бензиннің жаңа партиясы жолда келе жатыр, атап айтқанда, Атырау мұнай өңдеу зауытынан. Біз өте қысқа мерзімде тиісті сапаны қамтамасыз етеміз», – деді министр.

Алайда Ақкенженов жанармай сапасына қатысты мәселенің нақты себебі әзірге анықталмағанын атап өтті.

Оның айтуынша, жанармай құю станцияларының желілері мәселенің себебін мұнай өңдеу зауытынан көреді. Ал зауыт өкілдері ақау жанармай құю станцияларынан болуы мүмкін екенін алға тартып отыр. Қазір жауапты органдар екі тараптың да уәжін тексеріп жатыр.

«Павлодар зауыты «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына тиесілі екенін білесіздер. Сондықтан бұл отынды шығаратын компания – солар. Біз қазір бұл мәселені қарастырып, бақылауда ұстап отырмыз», – деді энергетика министрі.

Ол тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін жанармай сапасына қатысты жағдайға нақты баға берілетінін айтты.

Осы мәселеге байланысты Tengri Auto редакциясы көлік иелерінің шағымдану себептерін анықтау, жүргізіліп жатқан тексерулердің нәтижесін білу, АИ-95 және АИ-98 бензинінің сапасында шынымен ақау бар-жоғын анықтау және сапасыз отыннан зардап шеккен жүргізушілер алдында кім жауап беретінін білу үшін Энергетика министрлігі мен ҚР СИМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне ресми сауал жолдады.

Ведомстволардың жауаптары мен тексеру нәтижелері белгілі болған кезде қосымша жарияланады.

Ұқсас жаңалықтар

Ерте зейнетке шығу және әлеуметтік жеңілдіктер: Үкімет шопандарға арналған жаңа бағдарлама дайындап жатыр

Алатау қаласына жаңа арнайы мәртебе берілді: Тоқаев Конституциялық заңға қол қойды

ЖАҢАРҒАН БАССЕЙННІҢ ЖАСТАРҒА ПАЙДАСЫ МОЛ