«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарБасты ақпарат

Алатау қаласына жаңа арнайы мәртебе берілді: Тоқаев Конституциялық заңға қол қойды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды. Құжаттың негізгі мақсаты – Алатау қаласының қарқынды әрі тұрақты дамуына жағдай жасап, оны инновациялар мен инвестициялар тартатын заманауи орталыққа айналдыру.

Ақорданың мәліметінше, Конституциялық заң Алатау қаласын басқарудың жаңа үлгісін енгізеді. Сонымен қатар кәсіпкерлік, кеден ісі, цифрлық активтер, қаржы нарығы, әлеуметтік сала, сәулет және қала құрылысы, экология, мәдениет, спорт және құмар ойын қызметін реттеудің негізгі бағыттарын айқындайды.

Заңға сәйкес, қаланың ұзақ мерзімді инвестициялық және технологиялық дамуы арнайы әзірленетін ұзақ мерзімді даму жоспары, бас жоспар және даму стратегиясы негізінде жүзеге асырылады.

Сондай-ақ Алатауды «ақылды қала» қағидатымен дамыту көзделген. Осы мақсатта инфрақұрылым нысандары мен қоғамдық қауіпсіздікке қатысты барлық деректер қалалық кеңістікті басқарудың бірыңғай цифрлық платформасына біріктіріледі. Бұл шешім қаланың қауіпсіздігін арттырып, басқару тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Конституциялық заң инвестициялық ахуалды жақсарту, инвесторларға берілетін кепілдіктерді күшейту, салық-бюджет саясатын жетілдіру, сондай-ақ жер қатынастары мен қала дизайнын реттеу мәселелерін де қамтиды.

Құжаттағы маңызды жаңалықтардың бірі – «Алатау резиденті» құқықтық мәртебесінің енгізілуі. Бұл мәртебені қала әкімшілігі белгіленген санаттар бойынша жеке және заңды тұлғаларға береді. Резиденттер үшін арнайы құқықтық режимнің қолданылу тәртібі, құқықтары, міндеттері және қойылатын талаптар заңмен айқындалады.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев бұл заңның ел экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өткен болатын.

«Бұл заң шетелдік және отандық бизнеске кең мүмкіндік ашады. Сондықтан оның әлеуетін тиімді пайдалану қажет. Цифрлық мегаполистерді, инновациялық кластерлерді және жоғары өнімді индустрияларды дамыту Қазақстанды Еуразиядағы жоғары технологиялық әрі іскерлік хабқа айналдыруға ықпал етеді», – деген еді Мемлекет басшысы.

Ұқсас жаңалықтар

Руслан Желдібай Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшылығына тағайындалды

Redaktor Shyn-Ar

Күлкінің 101 түрі бар: Сіз қалай күлесіз?

Дүниежүзілік Бейбітшілік кеңесі Газаға көмек ретінде миллиардтаған доллар бөледі – Трамп