Ел экономикасының өсімі мұнайдан тыс салалардағы өндірістің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етіледі.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2027–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды.
Базалық сценарий бойынша алдағы үш жылда жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) жылдық өсімі 5%-дан жоғары болады. Атап айтқанда, 2027 жылы – 5,3%, 2028 жылы – 5,5%, ал 2029 жылы – 5,4% өсім болжанып отыр.
«Номиналды жалпы ішкі өнім 2027 жылы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін өседі», – деді Жұманғарин Үкімет отырысында.
Вице-премьердің айтуынша, экономикалық өсімнің негізгі факторларының бірі мұнайдан тыс салалардағы өндірістің артуы болады.
Ауыл шаруашылығы да экономиканың негізгі драйверлерінің бірі ретінде қарастырылып отыр. Саладағы жыл сайынғы орташа өсім кемінде 5% деңгейінде болады деп болжануда.
