«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарАқпарат

Саин көшесіндегі автобус жолағы уақытша алып тасталады – Әкімдік

Алматыда Саин көшесінде қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақты ұйымдастыру бойынша пилоттық жоба аяқталды. Осыған байланысты 31 тамыздан бастап автобус жолағы уақытша алынып тасталады. Бұл туралы 26 тамызда Алматы қаласының әкімдігі Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасына сілтеме жасап хабарлады.

Әкімдік мәліметінше, пилоттық кезең аяқталғаннан кейін көлік жүйесін дамытудың келесі кезеңіне көшу басталады. Оның аясында қаланың басқа жол учаскелерін дайындау және қажетті нормативтік құжаттарды бекіту жұмыстары жүргізіледі.

Автобус жолағының уақытша алынуы жобадан толық бас тартуды білдірмейді. Саин көшесіндегі арнайы жолақты жеке учаске ретінде емес, қаланы қамтитын Әл-Фараби – Саин – Рысқұлов – Шығыс айналма автожолы бағытындағы бірыңғай көлік жүйесінің құрамына енгізу жоспарланып отыр. Ол үшін қажетті нормативтік құжаттар қабылданып, жол инфрақұрылымы толық дайындалуы қажет. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін Саин көшесіндегі қоғамдық көлікке арналған басым жолақ кешенді көлік схемасы аясында қайта іске қосылады деп жоспарлануда.

Пилоттық жоба кезінде автобус жолағы қоғамдық көліктің қозғалысына оң әсер еткені байқалған. Таңғы және кешкі қарбалас уақытта автобустардың жүру жылдамдығы 21 пайызға артқан. Сонымен қатар қоғамдық көліктің келу аралығы да қысқарған: бұған дейінгі 13,6 минуттың орнына автобустар 11,6–12 минут сайын қатынай бастаған.

Жолаушылар саны да өскен. Автобуспен күнделікті қатынайтын тұрғындар саны 42,3 мыңнан 44,5 мыңға дейін көбейіп, шамамен 5 пайызға артқан.

Саин көшесіндегі арнайы жолақ Рысқұлов даңғылынан Мұстафин көшесіне дейінгі аралықты қамтыды. Жоба пилоттық режимде іске қосылып, оның нәтижелері қоғамдық көлік қозғалысын ұйымдастыруға қатысты келесі шешімдерді әзірлеуге негіз болды.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы әкімдігі ауқымды көлік реформасын жариялап, қалада жаңа қоғамдық көлік жолақтарын енгізу жоспарын айтқан болатын. Сондықтан Саин көшесіндегі жолақтың уақытша алынуы қоғамдық көлікке басымдық беру саясатынан бас тарту емес, оны қаланың бірыңғай көлік жүйесіне енгізуге дайындық кезеңі болып отыр.

Ұқсас жаңалықтар

Сара Назарбаева ауыр хәлде жатыр – дереккөз

Тоқаев Си Цзиньпинді Астана әуежайынан қарсы алды

Тоқаев Мирзиёевтің әкесінің есімін Түркістандағы мешітке беруді ұсынды