Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалардағы құқық бұзушылықтарға қандай жағдайда жауапкершілік қарастырылатынын түсіндірді.
ІІМ мәліметінше, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабына сәйкес, қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларды қорлап тиісу, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын, айналасындағыларға сыйламаушылық білдіретін өзге де әрекеттер әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Бұл норма әлеуметтік желілердегі жазбаларға, пікірлерге, бейнематериалдар мен тікелей эфирлерге де қатысты қолданылуы ықтимал. Алайда әрбір жағдай жеке қаралады. Құқықтық баға беру кезінде контенттің мазмұны, таралу тәсілі, аудиториясы және қоғамдық тәртіпке әсері ескеріледі.
Сонымен қатар басқа адамның абыройы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде кемсіту, сондай-ақ көрінеу жалған мәлімет тарату жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Атап айтқанда, жала жабу ӘҚБтК-нің 73-3-бабында қарастырылған.
ІІМ аккаунттың жабық болуы жауапкершіліктен автоматты түрде босатпайтынын атап өтті. Жабық топтардағы немесе шектеулі аудиторияға арналған жарияланымдар да олардың мазмұны мен нақты мән-жайларына қарай бағаланады.
Құқыққа қайшы контент кейін өшірілген жағдайда да құқық бұзушылық фактісін анықтау мүмкін. Заңда белгіленген тәртіппен алынған скриншоттар, бейнежазбалар және электрондық деректер дәлел ретінде пайдаланылуы мүмкін.
Азаматтар әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы әрекеттер туралы «102» арнасы, тиісті мобильді сервистер немесе «e-Otinish» жүйесі арқылы хабарлай алады.
ІІМ интернет қолданушыларына, блогерлер мен контент жасаушыларға әлеуметтік желілерді пайдалану кезінде заң талаптарын сақтауға шақырады.
