Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин қызметінен босатылды. Бұл ақпаратты Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі растады.
«Өз еркімен қызметінен босатылды», – деп нақтылады әкімдік.
Шәкір Кейкин Атырау қаласының әкімі қызметіне 2023 жылғы 10 шілдеде тағайындалған еді. Қаланың жаңа әкімі кім болатыны әзірге жарияланған жоқ.
Шәкір Кейкин 1970 жылы Атырау облысының Жылыой ауданында дүниеге келген. 1993 жылы Қазақ политехникалық институтын «тау-кен инженері» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1993 жылы Құлсары қаласындағы «Теңізмұнайкомплект» ЖШС-нің коммерциялық бөлімінде брокер болып бастаған. Мемлекеттік қызметтегі жолы 2008 жылдан басталады.
Әр жылдары Қосшағыл ауылдық округінің әкімі, Құлсары қаласының әкімі, Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, сондай-ақ Атырау қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
2019 жылдың қыркүйегінен 2022 жылдың наурызына дейін Мақат ауданының әкімі болды. Ал Атырау қаласының әкімі болып тағайындалғанға дейін Сауда және интеграция министрлігі Сауда департаментінің басшысы қызметін атқарды.
Шәкір Кейкиннің қызметтен кетуі Атырау әкімінің міндетін атқарушы Тілек Махуовқа қатысты тергеу жүріп жатқан кезеңге тұспа-тұс келді.
Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Тілек Махуовқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын растаған. Сол кезде БАҚ пен Telegram-арналарда оның ұсталғаны және пара алды деген күдікке ілінгені туралы ақпарат тараған еді. Алайда ҰҚК тергеудің нақты мән-жайын жарияламады.
Махуов ұсталғаннан кейін тұрғындар арасында Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкиннің соңғы уақытта не себепті көпшілік алдына сирек шығып жүргені туралы сұрақтар көбейді. Сол кезде қала әкімдігінің баспасөз қызметі Кейкиннің еңбекке жарамсыздық бойынша демалыста екенін хабарлаған.
Тілек Махуов 49 жаста. Атырау қаласы әкімдігінің сайтындағы мәліметке сәйкес, ол қала әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
Енді Атыраудың жаңа әкімі кім болатыны қоғам назарында.
