«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратӘлеумет

Жұмыссыздық бойынша төлем үш айға дейін қысқарады: Еңбек министрлігі ережені өзгертеді

1 қазаннан бастап Қазақстанда жұмыс іздеп жүрген азаматтарға қызмет көрсету тәртібі өзгереді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа тәсілді алдымен пилоттық жоба аясында сынақтан өткізеді.

Жаңа тәртіп бойынша азаматқа жұмыссыз мәртебесін бермес бұрын лайықты жұмыс іздеу мерзімі қазіргі 2 күннен 13 күнге дейін ұзарады. Министрліктің мәліметінше, бұл уақыт азаматты жай ғана жұмыссыз ретінде тіркеуге емес, оған нақты әрі лайықты жұмыс табуға бағытталады.

Осы кезеңде мансап орталығының мамандары жұмыс іздеушінің еңбек тәжірибесін, кәсіби дағдыларын және қажеттіліктерін анықтап, соған сәйкес бос жұмыс орындарын ұсынады. Қажет болған жағдайда жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатылып, азаматтың жұмысқа орналасуына жәрдем көрсетіледі.

Министрліктің хабарлауынша, жаңа тәсілдің басты мақсаты – жұмыс іздеп жүрген адамға көрсетілетін көмекті оның нақты жағдайына қарай ұйымдастыру.

«Енді мансап орталығына жүгіну тек жұмыссыз ретінде тіркелумен шектелмейді. Мамандар азаматтың тәжірибесі мен кәсіби дағдыларын анықтап, лайықты бос жұмыс орындарын ұсынады. Яғни әр адаммен жеке бағыт бойынша жұмыс жүргізіледі», – деп түсіндірді ведомство.

Пилоттық жоба кезінде мансап орталықтары мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры филиалдарының мамандары жаңа тәртіп бойынша оқудан өтеді. Олар азаматтың кәсіби мүмкіндігін бағалау, лайықты жұмыс таңдау, жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдеу және мемлекеттік жұмыспен қамту шараларын ұсыну бағыттарында жұмыс істейді.

Министрлік пилоттық жоба арқылы жаңа жүйенің іс жүзінде қаншалықты тиімді екенін бағалауды жоспарлап отыр. Сынақ барысында анықталған мәселелер ескеріліп, жүйені толық енгізгенге дейін қажетті өзгерістер жасалады.

Әлеуметтік төлем әзірге өзгермейді

Министрлік 1 қазаннан бастап енгізілетін жаңа тәртіпті жұмысынан айырылған азаматтарға төленетін әлеуметтік төлемге қатысты өзгерістермен шатастырмауға шақырды.

Пилоттық жоба кезінде жұмысынан айырылғандарға берілетін әлеуметтік төлем бұрынғы тәртіппен төлене береді. Оны алуға құқығы бар азаматтар заңда белгіленген талаптарға сәйкес төлемдерін ала алады.

Ал әлеуметтік төлемнің мерзіміне қатысты жаңа талаптар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. 2026 жылғы 11 маусымда қабылданған заңға сәйкес, жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемнің ең ұзақ мерзімі үш айды құрайды.

Яғни 1 қазан – жұмыспен қамту қызметін көрсетудің жаңа тәртібін сынақтан өткізу басталатын күн. Ал әлеуметтік төлем мерзіміне қатысты өзгерістер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады.

Қазан-желтоқсан айларында жаңа тәртіп халыққа түсіндіріледі. Өңірлерде кездесулер мен консультациялар ұйымдастырылып, мамандар жұмыссыз ретінде тіркелу, әлеуметтік төлем алу және жұмысқа орналасуға көрсетілетін көмек тәртібі туралы ақпарат береді.

Ұқсас жаңалықтар

Дариға Назарбаева “Целинный” орталығында көзге түсті: Елдің көзінен жасырынған маңызды жиналыс

Тоқаев Отан қорғаушылар күніне орай шенеуніктерге ордендер табыстады

Redaktor Shyn-Ar

Енді қазақстандықтар балаларын eGov арқылы басқа мектепке оңай ауыстыра алады