«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарАқпаратБасты ақпаратҚоғам

«Маған бәрібір… Ленин! Нағыз алматылықтар солай айтады»: Белгілі блогердің мәлімдемесі дау тудырды

Алматының көшелеріне берілген қазіргі қазақша атауларды мойындамайтынын ашық жазған блогер Әйгерім Бердалиеваның мәлімдемесі әлеуметтік желіде үлкен дау туғызды.

 

Threads желісінде mini_knopka лақап атымен танымал блогер қаладағы билбордтардың біріне өзінің суреті орналастырылғанын айтып, оның мекенжайын кеңестік кезеңдегі атауымен – «Ленин көшесі» деп көрсеткен. Осыдан кейін ол Алматы көшелерінің қазіргі атауларына қатысты пікірін дөрекі түрде білдірді.

«Маған бәрібір – Ленин. Тағы да айтайын: Фурманов та. Достық, Назарбаев, Наурызбай батыр, Желтоқсан және тағы басқалары жоқ», – деп жазды ол.

Блогер бұған қоса «нағыз алматылықтар» Дзержинский, Комсомольская, Виноградов секілді кеңестік атауларды ғана қолданатынын мәлімдеген. Оның жазбасына пікір білдірген оқырмандарға да бейәдеп сөздермен жауап берген.

Бұл мәлімдемелер әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, көпшілік блогердің бейнесі пайдаланылған жарнамаларды алып тастауды талап етті. Наразылықтан кейін Eurasian Fashion Week ұйымдастырушылары ресми мәлімдеме жасап, блогермен байланысты барлық жарнамалық материалдарды алып тастау туралы шешім қабылдағанын хабарлады.

«Жағдай туралы ақпарат бізге белгілі болған сәттен бастап блогердің қатысуымен жарияланған барлық материалдарды Алматы қаласындағы экрандар мен билбордтардан алып тастау туралы шешім қабылданды», – делінген ұйымдастырушылар мәлімдемесінде.

Осыдан кейін Әйгерім Бердалиева даулы жазбасын өшіріп, кешірім сұрады.

«Мен ол жазбаны эмоцияға беріліп жаздым. Артынша-ақ өшіріп тастадым, өйткені өзім де оның тым эмоционалды болып шыққанын және бастапқыда айтқым келген ойдың басқаша қабылдануы мүмкін екенін түсіндім. Шынымды айтсам, бұл жазбаның осындай реакция тудыратынын күтпедім. Егер сөздерім біреуге ауыр тиген болса, кешірім сұраймын. Ондай мақсатым болған жоқ», – деді блогер.

Ұқсас жаңалықтар

Ақылы жол ақшасы енді үкімет қарызын жабуға жұмсалуы мүмкін

Жұмыртқа бағасын арзандату ұсынысы неге қолдау таппады — министрлік түсіндірді

“Мүгедектерді онсыз да Алла жазалады”: Жиында айтқан сөзі үшін сынға қалған шенеунік көптен кешірім сұрады