«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘдебиетБасты ақпарат

ТАЛҒАТ ТЕМЕНОВТІҢ «МАХАББАТ БЕКЕТІ» КІТАБЫ ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

Атамұра баспасынан Қазақстанның халық әртісі, белгілі театр және кино режиссері, жазушы Талғат Теменовтің «Махаббат бекеті» атты жаңа кітабы жарық көрді. Бүгін Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында кітаптың тұсаукесері өтіп, қаламгердің шығармашылығы мен жаңа туындысы оқырман қауымға таныстырылды.

Кітаптың тұсаукесерін  «Атамұра» корпорациясы» ЖШС президенті Рақымғали Абрарұлы жүргізді. Әдеби басқосуға белгілі жазушылар, журналистер мен қоғам қайраткерлері қатысып, Талғат Теменовтің шығармашылығы мен қазақ әдебиетіндегі орны туралы ой бөлісті. Олардың қатарында жазушы Смағұл Елубаев, қаламгер Кәдірбек Сегізбайұлы, ақын Ұлықбек Есдәулет, ақын әрі қоғам қайраткері Қазыбек Иса және басқа да белгілі тұлғалар болды.

Кездесу барысында кино, әдебиет және мәдениет тақырыптары кеңінен қозғалып, қаламгердің шығармашылық жолы мен көркем әдебиеттегі қолтаңбасы сөз болды. Қатысушылар Талғат Теменовтің өнердің бірнеше саласында қатар еңбек етіп, адам жанының терең иірімдерін шығармашылығына арқау еткенін атап өтті.

Талғат Теменов – қазақ театр және кино өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған тұлға. Оның шығармаларында махаббат пен сағыныш, адам тағдыры мен өмірдің мәні айрықша көрініс табады. Режиссердің көркем ойға құрылған әлеуметтік желідегі жазбалары да оқырман назарын аударып келеді. Өнердің қай саласында да өзіндік үнін танытқан қаламгердің әдеби шығармашылығы оның шығармашылық әлемін жаңа қырынан аша түседі.

Жаңа жинаққа «Гүлназ», «Көктем шықса, көкек келер» повестерімен қатар «Либерти», «Папасының қызы», «Көке бала» атты әңгімелері енген. Шығармаларда адам болмысы, сезім тазалығы, өмір шындығы мен адамдар арасындағы күрделі қарым-қатынастар көркем бейнеленеді.

«Махаббат бекеті» атауының өзі оқырманды сезім мен сағыныш әлеміне жетелеп, жүрекке жақын естеліктерді жаңғыртады. Кезінде махаббат тақырыбымен көрермен көңілінен орын алған туындының кітап болып жарық көруі қаламгер шығармашылығына деген қызығушылықты арттыра түспек.

Қатысушылар жазушының қаламынан туған туындылардың оқырманға жол тауып, қазақ әдебиетінің қорын толықтыра беруіне тілектестік білдірді. Адам жанының нәзік сезімдерін көркем сөзбен өрнектеген «Махаббат бекеті» оқырманға ой салып, жүрекке жол табатын шығармалардың қатарынан орын алады деген сенім мол.

Ұқсас жаңалықтар

Алматыдағы опырылған жол: қадағалаушы компания лицензиясынан айырылды

Жалғыз қазақ ауылы жойылып барады: Су жоқ. Жол шұрық-тесік. Мәдениет ұмытылды

Қазақ елі белгілі этнограф Болат Бопайұлын ақтық сапарға шығарып салды