Қазақстанда көліктерден шығатын шуды автоматты түрде анықтайтын акустикалық камераларды енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Құрылтай депутаттарының сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Министрліктің мәліметінше, фото- және бейнетіркеу жүйелеріне акустикалық камералар мен шу деңгейін өлшейтін құралдарды біріктіру бойынша пилоттық жобаны іске қосу қолдау тапқан. Қазір АҚШ, Германия және Францияның осы бағыттағы тәжірибесі зерттеліп жатыр.
Ержан Сәденовтің айтуынша, жыл басынан бері түнгі тыныштықты бұзудың 22,2 мың фактісі тіркелген. Сондай-ақ тікелей ағынды және қатты шу шығаратын жүйелері бар, заңсыз қайта жабдықталған көліктерді басқарудың 24 мың дерегі анықталған.
Бұдан бөлек, маневр жасау қағидаларын бұзудың 57,9 мың, қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығудың 4,6 мың және апатты жағдай туғызудың 11,8 мың фактісінің жолы кесілген. Полиция 404 дрифт оқиғасын тіркеп, 61 жүргізушіні әкімшілік қамауға алған, тағы 343 жүргізушіге айыппұл салған.
23 қыркүйектен бастап республика аумағында «Түнгі қала» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. 12 қазандағы мәлімет бойынша, оның аясында 47,1 мың құқық бұзушылық анықталған. Олардың қатарында түнгі тыныштықты бұзудың 2,8 мың, заңсыз қайта жабдықталған көліктерді басқарудың 2,6 мың, маневр жасау қағидаларын бұзудың 7,9 мың, қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығудың 590 және апатты жағдай туғызудың 2 мың фактісі бар.
Сонымен қатар 30 дрифт оқиғасы тіркеліп, алты жүргізуші әкімшілік қамауға алынған, 24 жүргізушіге айыппұл салынған.
Министрдің сөзінше, мүдделі мемлекеттік органдар әкімшілік заңнаманы жетілдіру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, түнгі тыныштықты бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту тетіктері, техникалық өзгерістер енгізілген көліктерді тиісті талаптар орындалғанға дейін арнайы тұрақтарда ұстау тәртібі және жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін саралау мәселелері қарастырылуда.
