«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпарат

«ҰМЫТПА»: ЖАДТАН ӨШКЕН ЕСТЕЛІК ЖҮРЕКТЕН ӨШЕ МЕ?

Кейде бір фильмнің әсерін ұзақ сөзбен түсіндірудің қажеті жоқ. Көрсетілім соңындағы көз жас пен айтылған алғыстың өзі көп нәрсені аңғартады. 25 қарашада «Ұмытпа» көркем фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Естелік пен сағыныш, әке мен бала арасындағы өкпе-реніш, кешірім мен мейірім туралы сыр шертетін туынды көрерменді бейжай қалдырмады. Премьера соңында шығармашылық топқа алғыс білдіргендер көп болды, фильмді көзіне жас алып тамашалағандар да аз емес. Ендеше, көрермен көңілін толқытқан «Ұмытпаның» айтар ойы қандай?

Кино аяқталды. Алайда экрандағы оқиғаның әсері көрерменнің көңілінен бірден сейіле қойған жоқ. Бірі шығармашылық топқа ризашылығын білдірсе, енді бірі алған әсерін көз жасымен жеткізді. Бұл жолы жұртты толқытқан оқиға бір отбасының тағдыры ғана емес, адам баласына ортақ сағыныш, өкініш пен кешірім мәселесі еді.Адам үшін ең ауыр сынақтың бірі – өткен өмірінің естеліктерінен біртіндеп айырылу. Кеше ғана жақын болған жандардың есімін ұмыту, санадан көмескіленген сәттерді қайта жаңғырта алмау, уақыт өткен сайын өз өміріңнің бір бөлшегін жоғалтып бара жатқаныңды сезіну. Ал егер осының бәріне жылдар бойы үзілген отбасылық байланыс қосылса ше?

Режиссер Елдар Ташкенбайдың «Ұмытпа» фильмі осы сауалдарды арқау етеді. Отандық драманың оқиғасы ұзақ жылдар бойы қарттар үйінде тұрып жатқан Сабыр есімді қарияның тағдырына құрылған. Альцгеймер ауруына шалдыққанын білген ол естеліктері біржола көмескіленбей тұрып, жалғыз ұлымен қайта қауышуды қалайды. Осы жолда қарияға досы Ысқақ пен көмекшісі Аружан қолдау көрсетеді. Алайда араға түскен жылдар мен көңілге түйілген өкпе-реніш әке мен баланың табысуына кедергі болады. Оқиғаның негізгі тартысы да осында. Бір жағында өткен өмірін ұмытудан қорыққан әке тұрса, екінші жағында жылдар бойы алыстаған ұлымен арадағы күрделі қарым-қатынас бар. Жадынан айырылу қаупі Сабырды өміріндегі ең маңызды іске, баласымен қайта жақындасуға жетелейді. Фильмнің көрерменге әсер етуінің бір себебі осы тақырыптың әр адамға жақындығында болса керек. Өйткені әке мен бала арасындағы түсініспеушілік, уақытында айтылмаған жылы сөз, кешірім сұрауға кедергі болатын намыс немесе өкпе тек кинода кездесетін жағдай емес. Мұндай сезімдер қарапайым өмірде де бар. Бірақ күнделікті тіршіліктің қарбаласында олардың салмағын кейде кеш түсінеміз.

«МИЛЛИАРД ТАБУ ЕМЕС, ЖАҚСЫ ӨНЕР ЖАСАУ – БАСТЫ МАҚСАТ»

Фильмнің «Ұмытпа» деп аталуы да кездейсоқ емес. Бұл сөз туындының мазмұнын ғана емес, шығармашылық топтың көрерменге жеткізгісі келген ойын да қамтиды. Дегенмен фильмнің бастапқы атауы мүлде басқа болған. Жабық көрсетілім барысында бас продюсер Диас Оспаннан атаудың қалай таңдалғанын және туындының негізгі идеясы қайдан туындағанын сұрадық.

– Фильмнің бастапқы атауы «Қара шал» болды. Кейін режиссер фильмнің стилистикасын таңдаған соң, «Қара» сөзінен басталатын фильмдердің көбейіп кеткенін айтып, атауды өзгертуді ұсынды. Сөйтіп, үлкендерімізді, әкелерімізді, апаларымызды ұмытпайық деген оймен «Ұмытпа» деп атадық, – деді продюсер.Бастапқы атау оқиғаның ортасындағы қарт адамның бейнесіне назар аудартса, «Ұмытпа» сөзі әлдеқайда кең мағынаға ие. Ол тек Сабырдың сырқатына қатысты емес. Бұл атауды ата-ананың қадірін білуді, өткен өмірге құрметпен қарауды, жақын адамдармен байланысты үзбеуді еске салатын үндеу ретінде де қабылдауға болады.Қызығы, туындының негізгі идеясы продюсердің жеке өмірінде болған қандай да бір оқиғадан туындамаған. Ол мұндай жағдайлардың өз басында болмағанын айтып, адам жадынан айырылатын дерттің өзі қорқынышты екенін жасырмады.

– Фильмнің идеясын өз өміріммен сәйкестендіретін ештеңе жоқ. Құдайға шүкір деймін. Өзім осындай жағдайлардан қатты қорқамын. Фильмді түсірудегі басты мақсатымыз миллиард табу емес, жақсы өнер жасау. Фильмде жағымсыз кейіпкер көрсеткіміз келмеді, – деді Диас Оспан.

Фильмнен мол қаржы табуды емес, жақсы өнер жасауды мақсат еткенін айтқан продюсердің сөзі отандық киноның бүгінгі бағыты туралы да ойландырады. Касса табысы мен көрермен саны кино өндірісінде маңызды көрсеткіш екені анық. Дегенмен өнердің құндылығы тек қаржылық нәтижемен өлшенбейді. Қоғамды толғандырған мәселені қозғап, көрерменді өз өміріне басқа қырынан қарауға жетелеу де көркем туындының жетістігі бола алады.

ҚАРТТАР ҮЙІНДЕГІ ЖАЛҒЫЗДЫҚ – ҚОҒАМНЫҢ ҮНСІЗ МӘСЕЛЕСІ

«Ұмытпа» фильмінің әлеуметтік салмағын арттыратын тағы бір мәселе – қарттардың жалғыздығы. Туындыда Сабырдың қарттар үйінде өмір сүруі жай ғана оқиға өтетін орта емес. Бұл оның отбасымен қарым-қатынасына, өткен өміріне және ішкі жан дүниесіне үңілуге мүмкіндік беретін жағдай. Аталған мәселеге фильмде басты рөл сомдаған актер Иісбек Әбілмәжін де тоқталды. Оның пікірінше, қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымында үлкенді құрметтеу мен қамқорлық жасау айрықша орын алған.

– Бұрын мұндай жағдай біздің қазақта болмаған. Кеңес үкіметінің құрамында болған кездегі жетпіс жыл ішінде осындай мәселелер пайда болып, менталитетіміз өзгерді. Қазақ халқы жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған. Репрессия кезінде қаншама халыққа пана болған қазақ. Қазір, өкінішке қарай, қарттар үйінде өзіміздің қаракөздеріміз де өмір сүріп жатыр, – деді актер. Өнер иесі бұл жағдайды тарихи кезеңдегі өзгерістермен байланыстырады. Оның пайымынша, қоғамдағы құндылықтардың өзгеруі отбасылық қарым-қатынасқа да ықпал еткен.Иісбек Әбілмәжін туындының қоғамға жеткізетін ойына ерекше мән берді.

– Қоғамда осындай жағдай болмаса екен деген мақсатта түсірілген кино. Қазір «Әр қазағым – жалғызым», «Әр қазағым бай-қуатты болсын» деген сөздерді жиі естиміз. Құдайға шүкір, қазақтың жігіттері дәулетті болып, өнерге қаржы бөліп, қолдау көрсетіп жатыр. Осындай жігіттеріміз көп болсын. Инвесторларға, шығармашылық топты құрған азаматтарға алғысымды айтамын, – деді ол. Актердің бұл сөзінен өнерге қаржылай қолдау көрсетудің әлеуметтік жауапкершілікпен ұштасуы керектігі туралы ойды байқауға болады. Себебі белгілі бір қоғамдық мәселені экранға шығару үшін шығармашылық ниетпен қатар, оны жүзеге асыратын мүмкіндік те қажет.

Иісбек Әбілмәжіннің айтуынша, кейіпкерін сомдау барысында айтарлықтай қиындық туындамаған.

– Өз рөлімді сомдағанда қиындық болған жоқ. Осындай рөлдер үшін актерлік қызметте жүрмін ғой, – деді өнер иесі.

«БІР-БІРІМІЗДІ ҮНСІЗ ТҮСІНДІК»

Көркем фильмнің негізгі идеясын көрерменге жеткізуде режиссерлік шешім мен актерлік шеберліктің орны бөлек. Әсіресе оқиға адам жанының нәзік сезімдеріне құрылғанда, кейіпкердің әр әрекеті мен эмоциясы нанымды болуы керек. Фильмде рөл сомдаған актер Бақытжан Әлпейісов шығармашылық жұмыстың осы қырына тоқталды.

– Мен үшін актерлік – өзім қалап алған мамандық. Режиссердің қойған талабын орындап, көрерменнің көңілінен шығу – басты міндет. Ең маңыздысы – шығарманың айтқысы келген түпкі мақсатын жеткізе білу.

Бақытжан Әлпейісов өзінің шығармашылық тәжірибесінде тағдыры қайғылы аяқталатын кейіпкерлерді жиі сомдайтынын да жасырмады.

– Менің рөлдерімде фильмнің ортасында немесе соңына қарай кейіпкердің дүниеден өтетін сценарийлері көп болады. Қазір ондайға үйреніп қалдым. Әрине, фильм бойынша, кейіпкерім бойынша, – деді ол. Актер үшін әр рөл – өзге бір адамның өміріне үңілу. Бір кейіпкердің қуанышын, екіншісінің қайғысын, үшіншісінің ішкі арпалысын көрсету үшін кәсіби тәжірибемен қатар, образды терең түсіну де қажет.

Ал фильм режиссері Елдар Ташкенбаймен жұмыс істеу барысында актерлер мен түсірілім тобының арасында өзара түсіністік қалыптасқан.

– Бұл режиссердің тырнақалды жұмысы. Біз бірден түсінісіп кеттік. Біздің айтқанымызға олар көніп, олардың айтқанына біз көніп, ортақ тіл табыстық. Мұндай жағдай сирек кездеседі. Бір-бірімізді үнсіз түсіндік. Сондықтан актер ретінде, орындаушы ретінде аса қиындық туындамады, – деді Бақытжан Әлпейісов. Өнер иесінің сөзінен түсірілім алаңындағы шығармашылық еркіндік пен өзара сенімнің маңызды болғаны байқалады. Режиссер мен актер арасында ортақ түсінік қалыптасқанда ғана кейіпкердің болмысын ашуға қажетті үйлесім пайда болады.

Фильмнің негізгі тақырыптарының бірі – Альцгеймер ауруы. Бұл дерт адамның жадына, ойлау қабілетіне және күнделікті өміріне елеулі әсер етеді. Алайда «Ұмытпа» бұл мәселені медициналық тұрғыдан түсіндіруді мақсат етпейді. Оның орнына сырқаттың адам өміріне, әсіресе отбасылық қарым-қатынасқа ықпалын көркем оқиға арқылы көрсетеді.

 

 

КӨРЕРМЕННІҢ КӨЗ ЖАСЫ – ТУЫНДЫҒА БЕРІЛГЕН ҮНСІЗ БАҒА

Жабық көрсетілімнен кейінгі көрермен әсері фильмнің көтерген тақырыбының көпшілікке жақын екенін аңғартты. Туынды аяқталған соң шығармашылық топқа алғыс білдіргендер аз болмады. Көрермен арасында көз жасына ерік бергендер де кездесті. Әрине, бір адамның фильмнен алған әсері екінші көрерменнің қабылдауымен бірдей бола бермейді. Бірі оқиға желісіне назар аударса, екіншісі кейіпкерлердің әрекетінен өз өміріне ұқсас жағдайды көруі мүмкін. Ал енді біріне ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас туралы ой ерекше әсер етуі ықтимал. Алайда көрсетілімнен кейінгі ортақ көңіл күйден бір нәрсе байқалды: фильм көрермен үшін экрандағы оқиғамен ғана шектеліп қалмаған. Ол жақын адамдардың қадірі, уақыттың өткіншілігі және отбасындағы қарым-қатынас туралы ойлануға себеп болды.

Бас продюсер Диас Оспан жақсы өнер жасауды басты мақсат еткенін айтса, Иісбек Әбілмәжін фильмнің қоғамда осындай жағдайлардың азаюына ықпал еткенін қалайды. Ал Бақытжан Әлпейісов шығарманың түпкі ойын көрерменге жеткізуді актерлік міндеті деп біледі. Үш өнер адамының пікірін біріктіретін ортақ ой – көркем туындының адамға әсер ете алатын күшіне деген сенім. «Ұмытпа» фильмі 26 қарашадан бастап қалың көрерменге жол тартады. Ал жабық көрсетілімдегі алғашқы әсер туындының тақырыбы жай ғана көркем оқиға емес, қоғам үшін де маңызды мәселе екенін көрсетті.

Адам кейде жадындағы естеліктерді өз еркінен тыс жоғалтады. Ал жанымыздағы адамдарға көңіл бөлуді кейінге қалдыру – өз таңдауымыз. Сондықтан «Ұмытпа» фильмінен кейін ойда қалатын ең маңызды сауал – нені ұмытатынымыз емес, кімдерді ұмыт қалдырып жүргеніміз. Өйткені кейде ең ауыр өкініш – айтылмай қалған сөз. Ал ең қымбат мүмкіндік – сол сөзді айтуға әлі де уақыттың бар болуы.

Алтынай ҚАЙРАТ

Ұқсас жаңалықтар

Талғат Теменовтың Қазығұрт туралы деректі фильмі жарыққа шықты

Қазақстанда ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін көтеріледі: бюджеттен қанша қаражат бөлінеді?

Терроризм туралы жалған хабар берудің салдары қандай? – Бас прокуратура түсіндірді