Ішкі істер министрлігі жыл басынан бері жүргізілген тергеу жұмыстарының қорытындысын жариялады. Ведомство мәліметінше, қылмыстың жасалуына ықпал еткен заң бұзушылықтар мен қызметтік әрекетсіздікке байланысты 2 мыңнан астам лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Тергеушілер мемлекеттік органдарға 45 мыңға жуық ұсыным жолдап, оларды орындамағаны үшін 500-ден астам адамға айыппұл салынған.
Тексеріс нәтижесінде екі мыңға жуық бейнебақылау камерасы орнатылып, жолдың 155 қауіпті учаскесінде бағдаршамдар, жарықтандыру және жол белгілері жаңартылды. Сондай-ақ 56 нысанда қауіпсіздік жүйесі күшейтілді.
ІІМ мәліметінше, заңсыз қызмет көрсеткен төрт нысанның жұмысы тоқтатылып, 15 дәмхана мен түнгі клубқа шектеу қойылды. Ақсу-Аюлы – Балқаш тасжолындағы автобус өртіне қатысты тексеруден кейін 199 жүргізуші мен көлік иесі жауапкершілікке тартылған.
Аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген шығын 72 миллиард теңгеден асып, оның 34 миллиард теңгеден астамы зардап шеккендерге өтелді. Сонымен қатар 29 миллиард теңгеден астам мүлікке тыйым салынды.
Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қоры арқылы бүгінге дейін 5 мыңнан астам адамға 831 миллион теңгеден астам өтемақы берілген.
