Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында блогер Әділетхан Молдаханға қатысты қылмыстық іс бойынша сот жарыссөзі өтті. Мемлекеттік айыптаушы соттан оны Қылмыстық кодекстің 274-бабы («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Жәбірленуші – Алматы полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаевтың адвокаты Асылбек Әбдірайымовтың айтуынша, прокурордың ұстанымын жәбірленуші тарап толық қолдаған. Сонымен қатар олар соттан Молдаханға блогерлік қызметпен айналысуға қосымша тыйым салуды да өтінген.
Жәбірленуші тараптың пікірінше, сотталушының әлеуметтік желідегі жарияланымдары Ержан Ұзабаев пен Серік Шұмаевтың ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай, құқық қорғау органдарының абыройына және қоғамның полицияға деген сеніміне кері әсер еткен.
Әділетхан Молдаханға тағылған айып 21 наурыз күні Алматыдағы әл-Фараби даңғылы бойында болған жол-көлік оқиғасынан кейін жариялаған жазбасына байланысты. Үш адамның өмірін қиған апаттан кейін блогер полиция қызметкерлерінің әрекетін сынға алып, заңсыз автожарыстардың ұйымдастырылуына құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Әлеуметтік желілерде 1 миллионнан астам оқырманы бар Әділетхан Молдахан негізінен азаматтық, қылмыстық және әкімшілік құқық мәселелері бойынша заңгерлік кеңестер беріп келеді.
Бұған дейінгі сот отырысында қорғаушы тарап жәбірленушілермен медиациялық немесе процессуалдық келісім жасау, сондай-ақ қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыру туралы өтінішхат берген болатын. Алайда мемлекеттік айыптаушы бұл өтінішке қарсылық білдіріп, Алмалы аудандық сотының судьясы Ерлан Қасымбек оны қанағаттандырусыз қалдырды.
Сонымен қатар жәбірленуші Ержан Ұзабаевтың өкілі соттан 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы мен 1 миллион теңге сот шығындарын өндіріп беруді сұрады.
Іс бойынша Алматы полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен қалалық әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шұмаев жәбірленуші ретінде танылған.
Қылмыстық іс бойынша сот үкімі кейінірек жарияланады.
