Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы республикалық Бас мешітке ресми түрде «Нұрсұлтан мешіті» атауы берілгенін хабарлады.
Діни басқарманың мәліметінше, Бас мешіт Астана қаласының ғана емес, бүкіл Қазақстан мұсылмандарының ортақ рухани ордасы саналады. Онда халық бірлігін нығайту, бейбітшілік пен келісімді дәріптеу, ізгілік пен мейірімділік құндылықтарын насихаттау, сондай-ақ имандылық пен адамгершілікке негізделген бастамаларды қолдау бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.
«Жаңа атаумен республикалық Бас мешіт алдағы уақытта да халқымыздың рухани өміріне қызмет етіп, қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтуға, дәстүрлі рухани құндылықтарды сақтауға және игі бастамаларды дамытуға өз үлесін қоса береді», – делінген ҚМДБ хабарламасында.
Айта кетейік, республикалық Бас мешіттің құрылысы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан. Зәулім ғибадат үйі 2022 жылдың тамыз айында пайдалануға берілген. Бір мезетте 30 мың адамды қабылдай алатын бұл мешіт Орталық Азиядағы ең ірі мешіттердің бірі саналады.
