«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратӘлем

Қазақстан қақтығыс аймағынан мыңдаған азаматты қалай шығармақ? СІМ түсіндірді

Қазақстан қақтығыс аймағынан мыңдаған азаматты эвакуациялауға кірісті. Таяу Шығыс елдеріндегі жағдайдың ушығуына байланысты Сыртқы істер министрлігі базасында жедел штаб құрылды. Бұл туралы көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкіметтегі брифингте мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, эвакуацияның авиациялық бөлігі екі негізгі бағыт арқылы ұйымдастырылған — Түркия және Сауд Арабиясы арқылы. Қазіргі есеп бойынша, эвакуациялауды қажет ететін азаматтар саны шамамен 5 мың адамға жуық, алайда бұл көрсеткіш үнемі өзгеріп отырады.

Алғашқы эвакуациялық рейсті Flydubai әуекомпаниясы орындады. Қазақстан тарапынан Air Astana және SCAT Airlines әуекомпанияларының алты әуе кемесі жұмылдырылған.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Flydubai рейсі 28 ақпанға дейін билет сатып алғанымен, 1–2 наурыз күндері ұша алмаған азаматтарға арналғанын айтты. Оның сөзінше, Біріккен Араб Әмірліктері әуе кеңістігін толық жапқан, дегенмен әуекомпанияларға бұған дейін сатылған билеттер бойынша міндеттемелерін орындауға рұқсат берілген.

Билетсіз транзиттік аймақта жүрген, сондай-ақ БАӘ мен Қатарда тұратын Қазақстан азаматтары көрші мемлекеттер арқылы тасымалдануда. Дубайдан алғашқы автобустар жолға шыққан. Күн соңына дейін Оманнан 467 азаматты елге қайтару жоспарланған.

Сонымен қатар, Сауд Арабиясы бағыты да іске қосылған. Азаматтар Қатардан Эр-Риядқа, одан кейін Жиддаға автобустармен жеткізіліп, сол жерден қазақстандық әуекомпаниялар арнайы рейстер орындайды.

Ираннан эвакуациялау Армения, Әзербайжан және Түрікменстан арқылы құрлық жолымен жүзеге асырылуда. Түрікменстан аумағы арқылы Иранның солтүстігіндегі Горган қаласында болған Қазақстанның 18 азаматы шығарылған.

28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастағаны хабарланды. Тель-Авив бұл әрекеттің мақсаты Тегеранның ядролық қару алуына жол бермеу екенін мәлімдеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның әскери инфрақұрылымына соққы жасауға ниетті екенін білдірді. Иранның жоғары көсемі Әли Хаменеи қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Кейін Тегеран Израиль аумағына және Таяу Шығыстағы америкалық базаларға жауап соққыларын жасағаны хабарланды.

The New York Times басылымына берген сұхбатында Дональд Трамп АҚШ әскери күштері қажет болған жағдайда Иранға қарсы операцияны төрт-бес апта бойы жалғастыруы мүмкін екенін айтты.

Ұқсас жаңалықтар

ОПЕК+ мұнай өндірісін арттырады: Қазақстан дайын ба?

Тысячи заключенных могут выйти на свободу: закон об амнистии принял Мажилис

Өмір жолы өнеге: жазушы, инженер Өскенбай Құлатайұлының жаңа кітаптары жарық көрді

Redaktor Shyn-Ar