Қазақстанда шамамен 140 мың азаматтың дерегі медициналық ұйымдарға заңсыз тіркеу үшін пайдаланылған. Олардың атына көрсетілмеген медициналық қызметтер рәсімделіп, нәтижесінде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 3,5 миллиард теңгеден астам шығын келген.
Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Агенттік мәліметінше, азаматтардың келісімінсіз медициналық ұйымдарға тіркеу және көрсетілмеген қызметтерді рәсімдеу фактілері бойынша қазір 36 қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Солардың бірі Түркістан облысының Жетісай көпсалалы аудандық ауруханасына қатысты. Тергеу нұсқасына сәйкес, аурухананың лауазымды тұлғалары МӘМС аясында бөлінген қаражатты іс жүзінде ешқандай қызмет көрсетпеген және тауар жеткізбеген 20-дан астам жеке кәсіпкердің есепшотына аударған.
Аталған кәсіпкерлердің ауруханамен келісімшарттары болмаған. Олардың банк шоттары бюджет қаражатын заңсыз шығарып, кейін қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылған деген күдік бар. Бұл іс бойынша мемлекетке келтірілген шығын 501 миллион теңгеден асқан. Екі күдікті қамауға алынған.
Астанадағы Forte Clinic жеке клиникасына қатысты іс бойынша сот үкімі де шыққан. Клиника басшысы қордан заңсыз қаржы алу схемасын ұйымдастырғаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды. Оның сыбайласы – Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығының қызметкері азаматтарды клиникаға тіркеу туралы өтінімдерді заңсыз мақұлдағаны үшін үш жылға сотталған.
Тергеу барысында Forte Clinic-ке 15 мыңнан астам азаматтың заңсыз тіркелгені анықталған. Сонымен қатар Damu Med ақпараттық жүйесі арқылы 79 миллион теңгенің көрсетілмеген медициналық қызметтері рәсімделген.
Ал Алматы облысында Mydental.kz және Стоматология Dr. Nurzhanova клиникаларының басшысына қатысты алаяқтық ісі қаралған. Сот оның мүлкін тәркілеп, төрт жылға бас бостандығынан айырған.
Тергеу мәліметінше, пациенттерге іс жүзінде стоматологиялық қызмет көрсетілмеген. Жалған құжаттарды рәсімдеу кезінде дәрігерлердің тіркелгі деректері мен кәмелетке толмаған пациенттердің жеке мәліметтері пайдаланылған.
Нәтижесінде 4,5 мыңнан астам жалған медициналық қызмет көрсету фактісі анықталып, мемлекетке 66 миллион теңге көлемінде шығын келген.
Қаржылық мониторинг агенттігі МӘМС қаражатын заңсыз иемденуге бағытталған схемаларды анықтау және кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.
