Жетісу облысында орналасқан қытайлық «Alacem» ЖШС рұқсат етілген аумақтан тыс жерде пайдалы қазбаларды өндіргені үшін 264,2 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Бұл туралы облыс бойынша экология департаменті хабарлады.
Ведомство мамандары табиғатты қорғау прокуратурасымен бірлесіп жүргізген тексеру барысында кәсіпорынның лицензиялық аумақтан тыс өндіріс жүргізгені анықталған. Нәтижесінде 90 мың текше метрден астам кең таралған пайдалы қазбалар заңсыз шығарылған.
«Ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында аспаптық өлшеулер жүргізіліп, заңбұзушылықтар тіркелді. Қажетті дәлелдемелер базасы қалыптастырылып, расталды. Іс материалдарын қарау қорытындысы бойынша «Alacem» ЖШС-не 264,2 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды», – деп хабарлады департамент.
Айыппұл көлемі мемлекетке келтірілген залал мөлшеріне сәйкес келеді. «Alacem» ЖШС бірнеше жыл бұрын іске қосылған Қазақстан-қытай бірлескен кәсіпорны болып, әктас өңдеп, цемент өндірісімен айналысады.
Бұған дейін Қазақстанның шығысындағы ірі кәсіпорындардың бірі экологиялық талаптарды бұзғаны үшін жауапқа тартылған. Сол кезде қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде көміртек тотығының шығарындылары төрт есеге артқаны анықталған.
