Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша негізгі сот процесі басталды.
Сот отырысында айыпталушы Шерхан Аймахан оқиғаға қатысты өз нұсқасын баяндап, Нұрайдың өзіне бірінші болып пышақпен шабуыл жасағанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, араларында жанжал туындап, айырылатынын айтқан кезде Нұрай ашуланып, жүзікті көшеге лақтырып жіберген. Кейін кеудесінен ұрып, балағат сөздер айтқанын жеткізді.
«Қалтамдағы кішкентай пышақты алып, оған бердім де: “Ұрғанша, пышақтап жібер” дедім. Нұрай пышақты алып, оң жақ бүйіріме сұқты. Одан кейін не болғаны есімде жоқ», – деді айыпталушы сотта.
Шерхан Аймаханның сөзінше, олар 2025 жылдың жазынан бері кездесіп жүрген. Ол Нұрайға сыйлықтар беріп, қаржылай қолдау көрсеткенін, ал 2025 жылдың қазан айында үйленуге келіскендерін айтты. Сондай-ақ, марқұмның туыстары олардың қарым-қатынасы туралы білгенін және кездесулеріне қарсы болмағанын жеткізді.
Еске салайық, қайғылы оқиға 2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкентте болған. Пышақ жарақатын алған 21 жастағы студент Нұрай Серікбай оқиға орнында көз жұмды. Іс бойынша 28 жастағы Шерхан Аймаханға некеге тұруға мәжбүрлеу, сталкинг (қудалау) және аса қатыгездікпен адам өлтіру баптары бойынша айып тағылған.
Бұған дейін марқұмның қорғаушысы соттан айыпталушыға ең қатаң жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрайтынын мәлімдеген болатын.
