Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №60 мекеме сотталған журналист Думан Мұхаммедкәрімнің өзіне зиян келтіруге әрекет жасағаны туралы хаттағы мәліметтердің расталмайтынын мәлімдеді.
Ведомствоның «Власть» басылымына берген жауабына сәйкес, 2026 жылғы 21 шілдеде сотталған Думан Мұхаммедкәрім қолсағаттың батарейкасын жұтып қойғаны туралы шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат айтқан.
«Бұл мәліметті тексеру үшін ол дереу Қызылорда қаласындағы медициналық мекемеге жеткізіліп, рентгенологиялық тексеруден өтті. Тексеру қорытындысы бойынша оның ағзасында батарейка бары расталмады», – делінген мекеме жауабында.
Сондай-ақ түсініктемеде №60 мекеме бастығының міндетін атқарушы Думан Мұхаммедкәрімнің әкесі Алмас Тілеповті жеке қабылдағаны айтылған. Кездесу барысында оған сотталғанның денсаулық жағдайы қанағаттанарлық екені және оның денсаулығына қатысты ешқандай шағым айтпағаны хабарланған.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Думан Мұхаммедкәрімнің хаты жарияланған болатын. Онда ол 2024 жылдың желтоқсанынан бері карцерде отырғанын жазып, өзіне екі рет зиян келтіруге әрекет жасағанын мәлімдеген. Оның айтуынша, алғашында көп мөлшерде дәрі-дәрмек ішкен, кейін сағаттың батарейкасын, шақпақ тас пен өзге де заттарды жұтып қойған.
Думан Мұхаммедкәрім – Ne Deidi YouTube арнасының авторы. Ол саяси тақырыптарды қозғап, қоғамдық-саяси мәселелер бойынша бейнематериалдар жариялап келген.
2024 жылы сот оны экстремизмді қаржыландыру және тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу баптары бойынша кінәлі деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ оған үш жыл бойы қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салынды. Айыптаудың негіздерінің бірі ретінде оның оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовпен жүргізген сұхбаты көрсетілген.
Кейін апелляциялық сот бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырған. Жыл соңында Думан Мұхаммедкәрім жазасын өтеу үшін Қызылордадағы түзеу мекемесіне этаппен жеткізілген.
