«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘлеуметБасты ақпарат

Шетел азаматтары үшін Қазақстанға кіру ақылы болады: Тоқаев заңға қол қойды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру, дербес деректерді қорғау және көлік саласын реттеу мәселелері бойынша заңға қол қойды. Құжат аясында «Халықтың көші-қоны туралы» заңға маңызды өзгерістер енгізіліп, шетел азаматтарының Қазақстанға кіру тәртібі жаңартылды.

Енді шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстанға кіру немесе ел аумағы арқылы транзитпен өту үшін электронды кіру рұқсатын рәсімдеуге міндетті болады. Бұл қызмет ақылы негізде көрсетіледі. Алымның мөлшері мен оны төлеу тәртібін Үкімет бекітеді.

Заңға сәйкес, көші-қон жүйесіне электронды кіру рұқсаты, иммигранттың цифрлық профилі және иммигранттардың эталондық деректер базасы енгізіледі. Электронды рұқсатты Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келіскеннен кейін береді. Ал иммигранттың цифрлық профилі жеке және биометриялық деректер негізінде қалыптастырылып, биометриялық тіркеуден өту міндетті болады.

Барлық мәлімет арнайы цифрлық платформада жинақталады. Оның операторы ретінде мемлекет қатысу үлесі 50 пайыздан асатын заңды тұлға ғана белгілене алады.

Электронды рұқсаттарды рәсімдеуден түсетін қаражаттың жартысы цифрлық платформаны дамытуға, серверлерді жаңартуға және шекара өткізу бекеттерін техникалық жарақтандыруға жұмсалады. Қалған 50 пайызы Қазақстанның туризм саласын дамыту мен ілгерілетуге бағытталады.

Жаңа жүйе мемлекеттік шекарадағы бақылауды күшейтіп, көші-қон үдерістерін толық цифрландырып қана қоймай, туризмді дамытуға қосымша қаржы көзін қалыптастыруды көздейді.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстандықтарға тиімді ипотека мен автонесие беріліп, бизнесті тексеру тоқтатылады: Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар жариялады

Атырауда жоғалған отбасының тағы екі мүшесінің мәйіті табылды

Қазақстан артық қор болған жағдайда Ресейге жанар-жағармай жеткізуге дайын