АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның жаңа бейбітшілік ұсынысын қабылдаудан бас тартты. Бұл туралы ол Израильдің Kan News басылымының журналисі Натан Гуттманға телефон арқылы берген сұхбатында мәлімдеді.
«Бұл мен үшін қолайсыз. Мен оны зерттеп, толық қарап шықтым — қабылдауға келмейді», — деді Трамп.
Сонымен қатар Ақ үй басшысы Truth Social әлеуметтік желісінде АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің нәтижелі өтіп жатқанын атап өтті.
«Менің өкілдерім Иранмен өте тиімді келіссөздер жүргізіп жатыр, және бұл келіссөздер барша тарап үшін жақсы нәтижеге әкелуі мүмкін екеніне толық сенімдімін», — деп жазды ол.
Трамптың айтуынша, әскери операция «өте сәтті өтіп жатыр». Бұған дейін ол бомбалауды қайта бастамауды жөн көретінін айтқанымен, мұндай мүмкіндікті толық жоққа шығармайтынын жеткізген. БАҚ мәліметінше, АҚШ Иранға қатысты ұзақ мерзімді блокада енгізуді жоспарлап отыр.
Ал Иранның SNN телеарнасы хабарлағандай, елдің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Багаи АҚШ-тың Пәкістан арқылы Иранның 14 тармақтан тұратын ұсынысына жауап жібергенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта Тегеран бұл жауапты қарастыруда.
Багаидің айтуынша, Тегеран мен Вашингтон арасындағы келіссөздерде Иранның ядролық бағдарламасы талқыланбайды. Келіссөздер тек Таяу Шығыстағы әскери қақтығысты тоқтатуға бағытталған.
Ирандық БАҚ-тың хабарлауынша, Тегеранның АҚШ пен Израиль арасындағы шиеленісті бейбіт жолмен реттеу жоспары 14 тармақтан тұрады. Оның ішінде Иранға репарация төлеу және Ормуз бұғазында кеме қатынасының жаңа механизмін құру ұсынылған.
Al Jazeera телеарнасы Иранның үш кезеңнен тұратын ұзақ мерзімді бейбітшілік жоспарын ұсынғанын хабарлады. Бірінші кезеңде 30 күн ішінде толық атысты тоқтату және шабуыл жасаспау туралы келісім қарастырылған. Бұл келісім Израиль мен Иранның аймақтағы одақтастарын да қамтиды.
Екінші кезеңде уран байытуды 15 жылға дейін тоқтатып, кейін оның деңгейін 3,6 пайызбен шектеу ұсынылған. Алайда Иранның Fars агенттігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Үшінші кезеңде Иран көрші елдермен ортақ қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру мақсатында стратегиялық диалогты бастауы тиіс.
