«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпаратМәдениет

«Бір жалақыға жұмыс істедік»: Меруерт Өтекешева Баян Алагөзованың тосын сыйына қатысты пікір білдірді

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде продюсер Баян Алагөзова мен жұбайы Тұрсын Алагөзовтың қазақ киносының аңызы, актриса Меруерт Өтекешеваға жасаған ерекше тартуы қызу талқылануда. Белгілі болғандай, продюсер актрисаға құндыз тон сыйлап, өмірінің соңына дейін ай сайын 1 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетуге уәде берген.

Аталған жағдайға байланысты актрисаның өзі пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл жаңалықты ол да әлеуметтік желі арқылы естіп, қатты таңғалған.

– Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Баянмен өмірде бетпе-бет кездесіп, сөйлеспеппіз, жеке таныстығымыз жоқ. Дегенмен, оның еңбегін сырттай бағалап, талантты продюсер ретінде құрметтеймін, – деді актриса.

Көпшіліктің назарын аударған тағы бір мәселе – аты аңызға айналған Қыз Жібек фильміндегі камзолдың продюсердің қолына қалай түскені. Бұл жөнінде актриса нақты мәліметі жоқ екенін айтты.

– Түсірілімнен кейін камзолды көрген жоқпын. Киностудия жабылған кезде костюмдердің бірі костюмерлердің қолында кеткен болуы мүмкін. Қалай болғанда да, сол жәдігерді 50 жыл бойы сақтап, бүгінге жеткізген жандарға алғысым шексіз. Камзолдың Баянға берілуіне қарсы емеспін. Ол да өнер адамы, оның құнын түсінеді. Ең бастысы – оны мұражайға тапсырамын деген шешіміне ризамын, – деді ол.

Сондай-ақ актриса продюсердің бұл қадамын өнерге көрсетілген құрмет ретінде бағалады.

– Құман екеуіміз өмір бойы халыққа қызмет еттік. Бізде бизнес болған жоқ, бір жалақыға қарап жұмыс істедік. Сондықтан Баян біздің жағдайымызды түсініп, осындай ізгі ниет танытып отыр деп ойлаймын, – деді актриса.

Айта кетейік, ұсынылған сый-сияпатты қабылдау мәселесі әзірге нақты шешімін таппаған. Тараптар әлі жүздесіп, жеке сөйлеспеген. Дегенмен, халықтың сүйікті актрисасына көрсетілген мұндай құрмет көпшіліктің жылы ықыласына ие болды.

Ұқсас жаңалықтар

Алматы әуежайындағы қызметкерді кепілге алған ер адамның соты басталды: Күдікті кінәсін толығымен мойындады

Сәресі мен ауызашар дұғасы

Redaktor Shyn-Ar

Жемқорлардан тәркіленген қаржыға 28 жаңа мектеп салынады