«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпаратСаясатТіл

Тіл мәртебесіне қатысты пікір білдірген журналистен жазбасын өшіру талап етілді

Қазақстанда «Жаңа Конституция» жобасына қатысты пікір білдірген азаматтарға қысым көрсету фактілері көбейіп келеді. Соның бірі – журналист Жалғас Ертайға қатысты жағдай.

Азаттық радиосының хабарлауынша, полиция қызметкерлері журналистен әлеуметтік желіде жариялаған Конституция жобасына қатысты жазбасын өшіруді талап еткен. Алайда Жалғас Ертай бұл талапты орындаудан бас тартқан.

Журналист Конституциядағы қоғамда дау туғызған нормалардың бірі — «орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген тармақты алып тастауды ұсынған болатын.

Осыған ұқсас жағдайды Facebook желісінде журналист Дина Елгезек те мәлімдеді. Оның айтуынша, полиция қызметкерлері үйіне келген.

Конституция жобасы жарияланғаннан кейін ел ішінде Ата заңға қатысты сын айтқан азаматтарға әкімшілік шаралар қолдану жиілеген. Бұған дейін Алматы тұрғыны «жалған ақпарат таратты» деген айыппен айыппұл төлесе, Астанада заңгер полиция бөлімшесіне шақырылған.

Сондай-ақ, Алматыда Конституция жобасын талқылауға арналған жиында сөз сөйлеген спикерлердің бірін полиция ұстап әкеткені хабарланды.

Қоғамда ең көп талқыға түскен мәселе — жобадағы 9-баптың 2-тармағы. Онда мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылатыны көрсетілген. Белсенділер бұл тармақты алып тастауды талап етіп отыр.

Ұқсас жаңалықтар

АҚШ орынсыз қадамдарын тоқтатпаса, бейжай қарап отырмаймыз – Қытай

Бір банктен екінші банкке ақша аударғанда ұсталатын комиссия құны өспек

«Ұшақты біз атып түсірдік»: Ресейлік саясаттанушы Баку мен Мәскеу арасындағы кикілжіңнің себебін айтты