«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘлемБасты ақпарат

АҚШ Иранмен соғысты аяқтау туралы келісімге келді – Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға жоспарланған әскери соққының күшін жойғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Тегеранмен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде тараптар келісімге келуге жақындаған.

«Иран Ислам Республикасымен жүргізілген келіссөздер Иранның жоғары басшылығы тарапынан мақұлданғандықтан, бүгін кешке жоспарланған соққылар жасалмайды», – деп жазды Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында.

АҚШ президентінің сөзінше, болашақ келісімнің негізгі тармақтары барлық мүдделі тараптармен келісілген. Ол Израиль мен келіссөздерге қатысқан делдал елдерді атап өтті.

Сонымен бірге Трамп сәуір айынан бері енгізілген Иран порттарына қатысты теңіз блокадасы келісім толық аяқталғанға дейін сақталатынын жеткізді.

Бұған дейін Ақ үй басшысы Иранға қарсы қуатты соққы жасалуы мүмкін екенін айтып, елдің негізгі мұнай инфрақұрылымын бақылауға алу жоспары бар екенін мәлімдеген болатын. Алайда бірнеше сағаттан кейін келіссөздер нәтижесіне байланысты әскери операциядан бас тартатынын хабарлады.

Вашингтонда журналистермен кездескен Трамп АҚШ пен Иран соғысты тоқтату жөніндегі келісімге қол жеткізгенін, енді құжатқа қол қою ғана қалғанын айтты.

«Біз қақтығысты реттеу бойынша тамаша келісімге қол жеткіздік. Құжаттарға қол қойылғаннан кейін Тегеран Ормуз бұғазын ашады. Келісімге өте жақын уақытта, мүмкін осы демалыс күндері қол қойылуы мүмкін», – деді АҚШ президенті.

Оның айтуынша, келісімге қол қою рәсіміне өзі қатыспайды. АҚШ атынан вице-президент Джей Ди Вэнс қатысуы мүмкін.

Батыс ақпарат құралдарының мәліметінше, тараптар алдымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюы ықтимал. Бұл құжат ұзақ мерзімді келісімге жол ашатын алғашқы қадам болмақ.

Трамп сондай-ақ Иранның жоғарғы басшылығы болашақ келісім шарттарын мақұлдаған болуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, Тегеран ядролық қару жасамауға және иеленбеуге міндеттеме алуы тиіс.

Алайда Иран тарапы әзірге нақты келісім жасалғанын растаған жоқ. IRNA агенттігінің хабарлауынша, Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Исмаил Багаи Вашингтон мен Тегеран арасында жақын арада келісімге қол қойылады деген ақпаратты алыпқашпа сөз деп атады.

«Келісімнің уақыты мен орны туралы ақпарат әлі нақты емес. Ештеңе түпкілікті келісілген жоқ», – деді ол.

Сонымен қатар Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы Ормуз бұғазын бақылауды жалғастырып жатқанын және қауіпсіздік шаралары сақталатынын мәлімдеді.

Ал Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху кеңсесінің хабарлауынша, түпкілікті келісім аясында Иран уранды байытудан бас тартып, зымыран бағдарламасын қысқартуы және аймақтағы қарулы топтарды қолдауды тоқтатуы мүмкін.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда ата-аналар үшін жұмыс күнін бір сағатқа қысқарту ұсынылды

Жаңа Конституцияда сөз бостандығы мен бейбіт жиналыстарды шектеу ұсынылды

Ауғанстанда ата-аналар балаларын сатуға мәжбүр