Ақтөбе қаласындағы 71 Әлкей Марғұлан атындағы мғктептің мұғалімі Айжан Әділова өзіне жасалып жатқан қысымның әлі де тоқтамағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұған дейін жариялаған видеоүндеуінен кейін жағдай күрделене түскен.
Педагогтың сөзінше, видеоүндеуде көтерілген мәселелерге қарамастан, мектеп директоры қызметінде қалған. Сонымен қатар мұғалімдерден «мектепте ешқандай қысым жоқ» деген мазмұндағы құжатқа қол қою талап етілген.
Айжан Әділованың айтуынша, бірнеше әріптесі оған хабарласып, құжатқа мәжбүрлі түрде қол қойғандарын жеткізген.
«Айжан, өзіміз де қысым көрдік. Амал жоқ, қол қойдық. Себебі бірнеше адам келіп, қайта-қайта қол қойдыруға тырысты. Қудалауға ұшырап, жұмыстан шығып қаламыз ба деп қорқамыз. Тізімнен бізді көрсең, ренжімеші», – деген мазмұнда хабарламалар алғанын айтты мұғалім.
Сонымен қатар ол кәсіподақ ұйымының төрайымы сотқа дейінгі талап арыз жолдағанын хабарлады. Талап арызда президент пен өзге де лауазымды тұлғалардан көмек сұрап жариялаған видеоүндеуін өшіру және ондағы мәліметтерді теріске шығару талап етілген. Құжатта бұл талаптар орындалмаған жағдайда мәселенің сотқа жолданатыны көрсетілген.
Мұғалімнің айтуынша, соңғы уақытта оның әлеуметтік желідегі парақшалары бұғатталып, жеке мәліметтері белгісіз тұлғалар тарапынан әлеуметтік желілерде жарияланған. Ол мұны өзіне қарсы ұйымдастырылған қысымның бір көрінісі деп есептейді.
Айжан Әділова құзырлы органдардан жағдайға құқықтық баға беруді және мұғалімдердің еңбек құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етуді сұрайды.
