«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратҚоғамҚұқық

Қазақстанда 6,9 миллионнан астам баланың құқығын қорғауға 1,3 трлн теңге бөлінді

Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Үкімет балалардың құқықтарын қорғау және олардың әл-ауқатын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет жариялады.

Ресми дерекке сәйкес, бүгінде Қазақстанда 6,9 миллионнан астам бала тұрады. Балалардың құқықтарын қорғау мемлекет жүргізіп отырған әлеуметтік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді.

Бұл жұмыс Конституцияда бекітілген балаларға қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу қағидатына негізделген.

– Мемлекеттің басты міндеті – балалардың дені сау болып өсуіне, сапалы білім алуына және қауіпсіз ортада өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, – делінген Үкімет хабарламасында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Үкімет 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын бекітті. Құжат балалардың құқықтарын қорғау мен олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған 158 іс-шараны қамтиды.

Тұжырымдаманы жүзеге асыруға жалпы көлемі 1,3 трлн теңге қарастырылған.

Бағдарлама аясындағы жұмыстар білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және қауіпсіздік салаларын қамтиды. Сондай-ақ құжат балалардың сапалы білім мен медициналық қызметке қолжетімділігін арттыруды, құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруді және қауіпсіз орта қалыптастыруды көздейді.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауызбіршілігі жарасқан, тату-тәтті отбасы – бақытты балалық шақтың басты негізі екенін бірнеше рет атап өткен болатын.

Ұқсас жаңалықтар

«Бір адам мойнына алмаса, бәрімізге қиын болады»: Абзал Шынасыл істі мойындау себебін түсіндірді

Мәскеуде Әлихан Бөкейхановтың мүсіні орнатылды

Алматыда 11 жыл бұрынғы қылмыс ашылды: туған қызы өз анасын өлтірген