Қытай Қазақстанға қазіргі бағам бойынша 100 миллион юань, яғни 7,5 миллиард теңге көлемінде өтеусіз грант бөлмек. Тиісті қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Бұған дейін Қазақстан мен Қытай арасында қол қойылған келісімді бекіту туралы құжатты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұсынған болатын.
Келісімге сәйкес, Қытай тарапы Қазақстанға 100 миллион юань (шамамен 7,5 миллиард теңге немесе 14 миллион АҚШ доллары) көлемінде грант береді. Қаражат еліміздің ғарыш саласын дамытуға бағытталады. Сонымен қатар ол екі ел арасындағы техникалық-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстанға қосымша инвестиция тартуға ықпал етуге тиіс.
Қаулы жобасы 24 тамызға дейін қоғамдық талқылауда болады.
