«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпаратСаясат

«Путин – әлем үшін ең қолайлы саяси тұлға»: Тоқаев Ресей мен Украина соғысына қатысты сұрақтарға жауап берді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германия канцлері Фридрих Мерцпен келіссөздерден кейін Берлинде өткен бірлескен баспасөз мәслихатында Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты сұрақтарға жауап берді.

Неміс журналисті Тоқаевтың шілде айында Омбыда Ресей президенті Владимир Путинмен кездескенін еске салып, сол кезде әскери қимылдарды тоқтатып, келіссөздерге қайта оралу мүмкіндігін қарастыруды ұсынғанын атап өтті. Журналист Қазақстанның қазіргі жағдайға қатысты ұстанымын сұрады.

Тоқаев алдымен Ресей президентімен қарым-қатынасына тоқталды.

«Бұл мәселеге қатысты жеке ұстанымымды түсіністікпен қабылдағаны үшін президент Путинге алғыс айтамын. Мемлекет басшыларының барлығы, соның ішінде Ресей президенті де, Украина аумағындағы әскери қимылдарды тоқтатуды қолдайды», – деді ол.

Қазақстан Президенті Путинмен қарым-қатынасы жақсы екенін айтып, оны «көрнекті мемлекеттік қайраткер» деп санайтынын жеткізді. Сонымен қатар Тоқаев Путинді Ресей басшысы ретінде Орталық Азия, Қазақстан, Еуропа және жалпы әлем үшін қолайлы саяси тұлға деп санайтынын айтты.

Тоқаев әскери қимылдарды тоқтатып, одан кейін келіссөздер үдерісіне көшу мүмкіндігін әлі де қолдайтынын атап өтті.

«Мен соғысты дереу тоқтату керек деп айтқан жоқпын. Қазіргі жағдайда мұның шындыққа жанаспайтынын түсінемін. Мен Украина аумағындағы әскери қимылдарды тоқтатып, дипломатиялық немесе басқа да келіссөздер үдерісіне көшу туралы айтып отырмын. Қазақстанның ұстанымы – осы», – деді Президент.

Тоқаев Қазақстанның Ресеймен де, Украинамен де қарым-қатынасты сақтауға мүдделі екенін атап өтті.

«Украина аумағында не болып жатқанына қарамастан, біз Ресейдің де, Украинаның да біздің жақсы достарымыз екенін әрдайым есте ұстаймыз», – деді ол.

Президент Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараның ұзындығы 7597 шақырым екенін еске салды. Оның айтуынша, бұл – әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара. Сонымен қатар Қазақстанда 2,7 миллион этникалық орыс тұратынын және елде православие шіркеуіне құрметпен қарайтынын айтты.

Тоқаев сөз соңында Қазақстан үшін бейбітшілік пен тұрақтылықтың аса маңызды екенін атап өтті.

Ұқсас жаңалықтар

Карта мен QR төлемдерін қабылдамайтын дүкендерді әшкерелейтіндерге сыйақы беріледі

Блогерлер кірістерін 53 млрд теңгеге төмендетіп көрсеткен

Redaktor Shyn-Ar

Алатау қаласына жаңа арнайы мәртебе берілді: Тоқаев Конституциялық заңға қол қойды