«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратМәдениет

МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАҒАН «QAITADAN» ФИЛЬМІ МИЛЛИАРДТЫҚ ТАБЫСҚА ЖЕТТІ

Қазақстан прокатындағы жаңа көшбасшы – режиссёр Думан Еркімбектің дебюттік толықметражды фильмі «QAITADAN» үш апта ішінде 1 миллиард теңгеден астам табыс жинап, отандық кинопрокатта көш бастады. Бұл жоба мемлекеттік бюджетке жұмсалған қаржыны бес есеге артығымен қайтарып берген алғашқы фильм болды.

«QAITADAN» киносы оқиға желісімен ғана емес, визуалды қуатымен де көрерменді баурайды. Бұл туынды – шынайы сезімге негізделген, терең драмалық мазмұндағы шығармашылық еңбек. Фильмде қауіпсіздік, жауапкершілік пен бірлік жайлы ойлар қозғалып, жастарды достыққа, бауырмалдыққа жетелейді. Әр диалог қазіргі қоғамға ой салып, әр көрініс көрерменнің жүрегіне жақын. Сонымен қатар, фильмде отбасы институты дәріптеліп, әлеуметтік жауапкершілік пен адамгершілік қағидалары көрсетіледі. Өйткені өзіңді ғана емес, айналаңды және тұтас қоғамды қорғау – әр адамның міндеті.

Бұл жоба 2023 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен жүзеге асты және қазақ киносының жаңа белесіне көтерілгенін дәлелдеді. Қазіргі таңда Қазақстан киноиндустриясы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның басшылығымен қарқынды дамып келеді. Бұл ұлттық контентті ілгерілетуге, тұрақты қолдау жүйесін қалыптастыруға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағалиның айтуынша, «QAITADAN» – жас режиссерлер мен дебюттік жобаларға беріліп отырған нақты мүмкіндік пен сенімнің жарқын көрінісі. Режиссер Думан Еркімбек пен продюсер Жалын Тілеуберген сынды жаңа толқынның бастауы болып отырған бұл фильм халық арасында кеңінен танылып, жоғары бағаға ие болды.

Соңғы екі жылда киноиндустрияда бірқатар маңызды реформалар жүзеге асырылды. Олардың ішінде ең бастысы – конкурстың жаңа ережесі. Бұл жаңалық әділеттілік пен ашықтықты қамтамасыз етіп, киногерлер үшін конкурсқа қатысуды жеңілдетті. Сараптама кеңесінің дауыс беру механизмі жаңартылып, сценарийден өндіріс кезеңіне дейінгі кезеңдер қатаң сүзгіден өтеді. Сонымен қатар, тілдің тазалығына ерекше мән беріледі. Бұл реформалар дебюттік жобаларға ерекше назар аударылып, жас режиссерлердің туындыларына сенім артуға септігін тигізді.

Іріктеуден өткен киножобаларға жеке менеджер тағайындалып, олар өндірістен бастап үлкен экранға шығуға дейін толық сүйемелденеді. Биылдың өзінде 12 ұлттық фильм көрерменге жол тартты. Отандық фильмдер кең аудиторияға қолжетімді бола бастады. Архивтегі көптеген фильмдер қайта прокатқа шығарылып, халық назарына ұсынылды. Ұшақ борттарынан бастап стримингтік платформаларға, телеарналардан шалғай ауылдарға дейін ұлттық киноны көруге мүмкіндік артты.

Өңірлерде «Қазақ киносының онкүндігі» өткізілді, бұл шара жаңа туындылардың көпшілікке таныстырылуына жағдай жасады. Сонымен қатар, «JARQYRA» республикалық кастингі жарияланып, оның нәтижесінде анықталған жаңа таланттардың кәсіби өсуі қамтамасыз етіліп, олар ұлттық кинематографияның жаңа жобаларына тартылуда. Аймақтардағы талантты жастарды қолдаудың арқасында кино әлемінде жаңа есімдер мен жаңа леп пайда болуда.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген туындылар халықаралық деңгейде де кеңінен танылып келеді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, қазақстандық фильмдер 300-ден астам халықаралық кинофестивальге қатысып, 177 жүлде жеңіп алды. Бұл ауқымды жұмыстар ұлттық кинематографияның көкжиегін кеңейтіп, қазақ мәдениетін әлемге танытуға мүмкіндік беруде.

Кино – өнер ғана емес, сонымен бірге идеология. Ол санаға төңкеріс жасап, игі істерді насихаттайды. Сондықтан барша көрермендерді отандық киноны қолдап, «QAITADAN» фильмін кинотеатрларда тамашалауға шақырамыз.

«Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының»

Баспасөз қызметі

Ұқсас жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы министрінің үстінен жалған ақпарат таратты деген айыппен арыз жазылды

ДАРАБОЗ ТАРИХШЫ КЕҢЕС НҰРПЕЙІС — 90 ЖАСТА

Redaktor Shyn-Ar

Қарағанды облысының мәдениет басқармасына жаңа басшы тағайындалды

Redaktor Shyn-Ar