Түркістан облысының Жетісай ауданындағы Алғабас ауылында 12 адамның өмірін қиған өрттен кейін төтенше жағдайлар министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп тұрғын үй секторында жаппай тексеріс жүргізуде. Арнайы назар коттедждер, жатақханалар, хостелдер және пеш жүйелерінің қауіпсіздігіне аударылады. Ақаулар анықталған жағдайда жедел шаралар қабылданады.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев үкіметтік комиссия мүшелеріне қазаның себептерін зерттеу бойынша тапсырмалар берді. Үкіметтің мәліметінше, зардап шеккендердің үшеуі жансақтау бөлімінде жатыр.
“Құтқарушылар келгенде, 1986 жылы туған азамат өз бетімен үйден шыққан, бірақ денесінің 12%-ы күйік шалған. Тағы екі зардап шеккен, 34 және 7 жастағы науқастар, тиісінше 30% және 11% күйік алған, олар жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Шұғыл медициналық көмек көрсету үшін Шымкенттен санитарлық авиация бригадасы жіберілді”, — деп хабарлады үкімет.
Өрт болған жерде өртке қарсы қызмет пен тергеу басқармасы басшыларының құрамынан жедел топ жұмыс істеуде.
Вице-премьер әкімдік пен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне қаза тапқандардың отбасыларына толық материалдық көмек көрсету, Денсаулық сақтау министрлігіне зардап шеккендердің жағдайын бақылауда ұстау және қажет болса санавиациямен Астанаға жеткізу, Ішкі істер министрлігіне тергеу барысын қадағалау тапсырмаларын берді.
Еске салсақ, 18 қарашада таңертең Алғабас ауылындағы екі қабатты жеке үйден 12 адамның мәйіті табылып, тағы үш адам ауруханаға жеткізілген.
