«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпарат

XIII Халықаралық кітап және полиграфия көрмесі

Қай заман өтсе де, халық «Кітап – білім бұлағы» деп бекер айтпаған. Кітап – уақытты жеңген құбылыс, ал оны жасайтын баспа ісі – қоғам мәдениетінің өлшемі. Осы рухани құндылықтың жалғасы ретінде 2025 жылдың 19 қарашасында Алматы қаласында «Ұлы Жібек жолымен – 2025» XIII Халықаралық кітап және полиграфия көрмесі салтанатты түрде ашылды. Шара үш күнге созылып, оған Ресей, Қытай, Иран, Қырғызстан, Башқұртстан елдерінен баспагерлер, ғалымдар, дизайнерлер мен баспа мамандары қатысты.Көрме аясында кітап тұсаукесерлері, тәжірибелік семинарлар, полиграфиялық шеберлік сағаттары, халықаралық кездесулер өтіп, «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген халық даналығының айғағы іспетті жаңа еңбектер таныстырылды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультеті бұл көрмеге жыл сайын толық құраммен қатысады. Әсіресе Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы ғылыми жаңалықтары мен кадрлық әлеуетін таныстырып келеді. Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Рамазан Айгүл Әмірғалиқызы көрменің шымылдығын ашып, ізгі ниетке толы әсерлі сөзімен шараны бастады. Сонымен қатар кафедрадағы соңғы жылдары жүзеге асқан өзгерістер мен дамулар туралы ерекше тоқталып өтті.
Кафедрадағы 6В02101 – «Баспа ісі» мамандығы бойынша студенттер саны жылдар бойы тұрақты өсіп келеді.
* 2020 – 2021 оқу жылында мамандыққа 27 студент қабылданса,
* 2021 – 2022 жылы бұл көрсеткіш 31-ге жетті.
* 2022 – 2023 оқу жылында студенттер саны 41-ге көтеріліп, ең жоғары деңгейге жетті.
* 2023 – 2024 және 2024 – 2025 жылдары 34 студенттен тіркелді.
•2025 – 2026 жылы студент саны қайтадан 27-ге тең болды.
Бұл көрсеткіштер мамандыққа деген қызығушылықтың тұрақты екенін дәлелдейді. Кафедрада барлығы 35 оқытушы еңбек етеді. Оның ішінде:
* 10 ғылым кандидаты,
* 2 ғылым докторы,
* 3 PhD,
* 3 профессор,
* 1 доцент бар.
Сонымен бірге тәжірибелі практиктер де дәріс береді. Олар – жазушы Әмірхан Меңдеке, драматург Асылбек Ихсанов, телепродюсер Жанболат Серікбек, «Ана тілі» газетінің редактор орынбасары Қаракөз Сімәділ, «Шалқар» радиосының директоры Болатбек Төлепберген және медиасаланың өзге де танымал мамандары.Осы құрамның болуы – кафедраның сапалы білім беріп отырғанының белгісі. «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» деген осы. Халықаралық серіктестік мәселесінде де кафедра алдыңғы қатарда. Студенттер мен оқытушылар, Түркияның Мармара университетімен, Өзбекстандағы К.Бекзод атындағы өнер және дизайн институтымен, Қытайдағы Intermark Design College, Цзяньцяо университетімен тығыз байланыс орнатқан. Соңғы жылдары бірнеше студент әлемдік жетекші жоғары оқу орындарында білімін жетілдіруге мүмкіндік алды.
* Темірболат Құндыз 2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың қаңтарына дейін Ұлыбританиядағы Орталық Ланкашир университетінде оқыды.
* Алимова Жансая және Акимтай Інкар 2025 – 2026 оқу жылының көктемгі семестрін Оңтүстік Кореядағы Чонбук ұлттық университетінде өткізуде.
Бұл – халықаралық тәжірибені меңгерген кадрлар даярлаудың нақты нәтижесі. Кафедра түлектері еліміздің жетекші баспа орталықтары мен ақпараттық ұйымдарында жемісті еңбек етіп жүр.
Олардың ішінде:
* «Атамұра» баспасында – Аметова Диляра, Сламбек Ақниет, Сейткен Алтынай, Кабатаева Тамирис;
* «Foliant» баспасында – Өнербай Әмина;
* «Алқа» баспасында – Бердібекова Рақия;
* «Қазақ университеті» баспасында – Жасұланова Мариям;
* Ұлттық кітап палатасында – Отар Мадина.
Бұл фактілер – кафедра даярлаған мамандардың сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді.
Кештің басында ф.ғ.к., ассист.профессор Қоңыр Мухатаева өзінің терең де салмақты сөздерімен көптің санасында қалған бірнеше маңызды мәселені көтерді. «Ғылым бір жерде тоқтап тұрмайды, баспа ісі де бір орында тұрмайды, ол әрдайым даму үстінде жүреді» деген ойымен саланың болашағына айқын бағдар берді.
Қоңыр Мухатаева мына күрделі сұрақтарға нақты әрі ғылыми жауап берді:
* Мәдениетті кітап дегеніміз не?
* Кітап мәдениеті дегеніміз не?
Оның айтуынша, мәдениетті кітап – мазмұны терең, құрылымы сауатты, безендірілуі ұлттық және халықаралық нормаларға сай, оқырманға құрметпен жасалған өнім.Ал кітап мәдениеті – ұлт мәдениетінің көрсеткіші, қоғамның парасат деңгейін айқындайтын өлшем.Ұстаздың ерекше тоқталған тұсы – стандарттар мәселесі.
«Стандарт – мәдениет. Стандарт – біздің қауіпсіздігіміздің белгісі. Егер ұлттық және халықаралық стандарттар дұрыс орындалса, кітап та мәдениетті болып шығады» – деп түсіндірді.
Сонымен қатар жазылым мәдениетіндегі маңызды сұрақтарға тоқталды:
* аннотацияның дұрыс құрылуы;
* рефераттың қандай элементтерден тұруы керек;
* библиографиялық сипаттама талаптары;
* титул бетінің дайындалу логикасы.
Бір ғана кітаптың титул бетін жасау үшін 13 түрлі стандарт қолданылады.Бұл – баспа ісінің аса күрделі, кәсіби сала екенін дәлелдейтін көрсеткіш.
Көрмеде айтылған ерекше пікірлердің бірі – баспагер, ф.ғ.к., ассист. профессор Темірғали Көпбаевқа тиесілі. Ол цифрлық ортаның дамуы мен баспа ісінің трансформациясы туралы терең ой бөлісті. Adobe InDesign, Canva сияқты қосымшалардың пайдасын атап өтіп, қазіргі редакторлар үшін бұл құралдардың көмекші ғана функция атқаратынын түсіндірді.Көпшіліктің көкейіндегі «Жасанды интеллект редакторларды жұмыссыз қалдыра ма?» деген сұраққа ол былай жауап берді:
«Дәстүрлі баспа – ешқашан жоғалмайды. Қағаз кітап, газет, журнал – бұл мәдени код. Олар параллель түрде дамиды, ал цифрлық баспасөз – электронды және аудиокітаптар – тек жаңа бағыт қосады».
Жиында жасанды интеллект тақырыбын терең әрі ғылыми түрде талдаған ф.ғ.к, доцент – Қарлыға Мысаева болды.Ол ең алдымен ЖИ-дың шығу тарихын түсіндірді.1956 жылы Джон Маккарти Дартмут колледжінде Минский, Рочестер, Шеннон секілді ғалымдармен бірге «интеллектіні машинада модельдеу» тақырыбында семинар өткізгенін айтты. Бұл – ЖИ ғылымының ресми бастау алған жылы.
Қазіргі баспа ісіндегі инновацияларды да атап өтті:
* цифрлық басылымдар;
* мультимедиалық контент;
* интерактивті журналдар;
* AR және 3D технологияларымен жасалған кітаптар;
* оқу процесін визуалды жандандыратын жаңа форматтар.
Баспа ісі тек қағаз бен сиядан тұрмайды – ол бүгінгі таңда көпқабатты медиа индустриясына айналды.
Кафедраның аға оқытушысы Бейсен Серікбаев: «Сандық медиа саласы – дизайнерлер үшін жаңа бағыттарға жол ашатын шексіз мүмкіндік алаңы», – деп атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі медиа кеңістік бұрынғыдан да жылдам өзгеріп, визуалды шығармашылықтың ауқымын кеңейтіп отыр. Дәстүрлі графикалық дизайнға қоса, қазір цифрлық иллюстрация, 3D модельдеу, анимация, AR/VR технологиялары, интерактивті интерфейстер сияқты бағыттар кәсіби дизайнерлердің басты құралына айналған.Бейсен Серікбаев сандық медианың дамуы шығармашылық мамандардан тек әдемі дизайн ғана емес, коммуникациялық ойлау, технологияны меңгеру, мультимедиалық шешімдерді біріктіру секілді жаңа қабілеттерді талап ететінін ерекше атап өтті.
Кафедраның аға оқытушысы, белгілі журналист Қаракөз Сімәділ жасанды интеллекттің бір осал тұсына тоқталды.Журналист Алматы қаласындағы баннерлердегі сөздер мен суреттердің ЖИ арқылы жасалып, халыққа ұсынылғанын мысал етіп келтірді.
«ЖИ қазақтың кескінін, болмысын, мінезін айнытпай бере алмайды. Өйткені ол – ұлттық кодты сезіне алмайтын технология» – деп атап өтті.Бұл – мәдениет пен ақпарат саласына ерекше ескерту.
Кеш соңында аға оқытушы Лариса Ивановна университеттегі ЖЗС – «Жизнь замечательных студентов» клубының жұмысы туралы әңгімеледі.Бұл – студенттерді шығармашылыққа, зерттеуге, мәдени шараларға тартатын орта. Кітап индустриясында тек білім емес, қоғамдық белсенділік пен мәдени орта да маңызды екенін атап өтті.
«Ұлы Жібек жолымен – 2025» XIII Халықаралық кітап және полиграфия көрмесі кітап мәдениеті мен баспа ісінің бүгінгі даму деңгейін паш етті. Бұл шара тек жаңа технологияны таныстырып қана қоймай, дәстүрлі қағаз кітаптың мәңгілік құндылығын, рухани қазына екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Кітап – ұлттың айнасы, ал баспа – сол айнадағы бейнемізді ұрпаққа жеткізетін алтын көпір.Заманауи цифрлық құралдар дизайнерлерге жаңа әлемнің есігін ашады, жасанды интеллект зерттеуді жеңілдетеді, бірақ шын мәніндегі мәдениет пен рух тек адамның жүрегінде қалыптасады.
«Сөз жүректен шықса, кітап болмысқа айналады – баспа арқылы ол ұрпаққа жетсе, мәдениет мәңгілікке сақталады».
«Ұлы Жібек жолымен – 2025» XIII Халықаралық кітап және полиграфия өкен мен болашақты жалғайтын көпір ретінде, ұлттық рух пен ғылым, дәстүр мен жаңашылдық үйлесімін көрсетті. Кітапқа деген құрмет – ұлтқа деген құрмет!

Мәдина МӘДІ

Ұқсас жаңалықтар

Алматыда «Арыстан» базарының ғимараты сүріле бастады

Терезеден балаларын лақтырған әйелді полицей қарауылдауда

Redaktor Shyn-Ar

«Ең жоғары лауазымды тұлға»: жаңа Конституцияда Қазақстан Президенті туралы не айтылған