“Мүгедектерді онсыз да Алла жазалады” деп айтқаны үшін сынға қалған Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов бұл сөзінен кейін көпшіліктен кешірім сұрады. Оның айтуынша, жиын барысында ойын дұрыс жеткізе алмай, сөзін қате қолданған.
Есболатов Instagram парақшасында жариялаған жазбасында жағдайды түсіндірді. Оның сөзінше, Талғарда Денсаулық сақтау министрімен өткен кездесуге көп адам жиналып, әрқайсысы өз мәселесін көтеруге тырысқан. Кездесуге екі сағат бөлінгенімен, сұрақтардың көптігіне байланысты жиын төрт сағатқа созылған.
“Келгендердің арасында бірнеше мүмкіндігі шектеулі азамат болды. Олардың кейбірі тік тұрып кезегін күтті. Кезегі келгенде залдағы бірнеше адам олардың сөзін бөліп, кедергі жасады. Мен регламентті сақтауға шақырдым. Бірақ орыс тілінде айтқан сөзімде қателік жіберіп, ойымды дұрыс жеткізе алмадым. Негізінде ‘Құдай үлкен сынақ берген’ деп айтқым келген еді”, – деп түсіндірді ол.
Қанат Есболатов ерекше қажеттілігі бар адамдарға әрдайым құрмет көрсету керектігін атап өтті.
“Айтқан сөзім көпшіліктің көңіліне тіпті намысына тигенін түсіндім. Сол үшін шын жүректен кешірім сұраймын. Үлкен іс-шараларда алдымен егде жастағы тұрғындарға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жол беру маңызды. Қай жиын болса да, оларды көп күттірмей, кезексіз тыңдау – дұрыс әрі адамгершілікке сай деп есептеймін”, – деді ол.
Еске сала кетсек, шенеунік мүгедектігі бар адамдарға қатысты “Алла оларды онсыз да жазалады” деген сөзі үшін қоғамның қатты сынына қалған болатын.
